Инстаграмның танымал жұлдыздары кімдер?
Отандық шоу-бизнес өкілдері инстаграмдағы оқырман санына келгенде, шетелдік әріптестерінің шаңына да ілесе алмасы анық. Әзірге әлем бойынша, аталмыш әлеуметтік желіде фалловері ең көп - Криштиану Роналду көш бастап тұр. Футболшыға бүгінде 202 миллион адам жазылған.
Спорт жұлдызына айналған Криштиану Роналду оқырман саны 200 миллионға жеткені үшін, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке алғысын білдірген еді. Небәрі 2 аптаның ішінде оның фалловерлер саны 2 миллионға артқан. Осы уақытқа дейін бұл көрсеткішке шоу-бизнес өкілдері қол жеткізе алмады.
2018 жылы Голливудтың ең табысты актеры атанған Дуэйн Джонсон қалың әмиянымен ғана емес, желідегі оқырман санымен де мақтана алады. Мінсіз мүсінді серінің инстаграм парақшасына 171 миллион фалловер жазылған.
Оқырманның көптігі табыстың оңай түрі десек, артық айтқандық емес. Сондықтан кейбір өнер өкілдері фалловерлерінің көптігін пайдаланып, қалтасын қалыңдатып жүр.