Индустриялық аймақтар Alatau City-дің бірыңғай экономикалық жүйесіне біріктіріледі
Alatau City-де қолданыстағы индустриялық аймақтардың қаланың жаңа экономикалық және реттеушілік жүйесіне қалай интеграцияланатыны талқыланды.
Астана, NEGE. «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы ұйымдастырған дөңгелек үстел жұмысына «Алатау» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) басқарушы компаниясының басшылығы және «Бірлік», G-Trans Service, «ГОРИЗОНТ», TULIP, Damu Logistics және «Исткомтранс» индустриялық аймақтарының өкілдері қатысты.
Негізгі тақырыптар АЭА қатысушыларының Alatau City резиденттігіне өтуі, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, қолданыстағы индустриялық аймақтарды қаланың мастер-жоспарына қосу, сондай-ақ инвесторлар мен жер пайдаланушылар үшін болашақ жұмыс шарттары болды.
Басты мәселелердің бірі – АЭА қатысушыларының Alatau City резиденттігіне өтуі. Ұсынылған тетік қолданыстағы шарттарды бұзуды талап етілмейтінін, ал қатысушылар үшін шарттар ағымдағы деңгейде сақталатынын көздейді. Тиісті нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, ал қатысушылар жаңа мәртебеге 2027 жылғы 1 шілдеге дейін өте алады деп жоспарланып отыр.
Кездесудің едәуір бөлігі инфрақұрылым мәселесіне арналды. Индустриялық алаңдарды дамыту үшін кәсіпорындардың құрылысын электр, газ және су желілерін тартумен, сондай-ақ автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытумен үйлестіру қажет. Бірқатар алаңдардың көліктік қолжетімділігі, оның ішінде Алматы көлік торабын айналып өтетін жолды салу қажеттігі бөлек талқыланды.
Тағы бір блок Alatau City-дің болашақ мастер-жоспарына қатысты болды. Қатысушыларға аумақты аймақтарға бөлу және қолданыстағы индустриялық аймақтардың жаңа қала құрылымындағы орнын айқындау тәсілдері таныстырылды. Жеке меншіктегі немесе уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерінің қалай ескерілетіні де талқыланды.
Тараптар сондай-ақ инвесторлар үшін болашақ шарттарды, атап айтқанда салықтық преференциялар, басым салаларды айқындау, шетелдік сараптаманы тарту және лицензиялау тәсілдерін қарастырды. Нақты активтерге құқықтарды токенизациялау бөлек тақырып болды. 2026 жылы қажетті нормативтік және техникалық базаны қалыптастырып, осы бағытта алғашқы пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде, Алатау қаласының индустриялық аймақтарының өкілдері қолданыстағы және перспективалық жобаларын таныстырып, оларды одан әрі дамыту үшін шешуді қажет ететін практикалық мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында инженерлік желілерге қосылу, көліктік қолжетімділік, салықтық шарттар, жер учаскелерінің мәртебесі және қолданыстағы АЭА қатысушыларының Alatau City резиденттігіне өту тәртібі бар.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жалғастыруға келісті. Негізгі міндет – индустриялық аймақтардың дамуын Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және реттеушілік өзгерістермен үйлестіру және қолданыстағы әрі жаңа инвесторлар үшін түсінікті шарттар қалыптастыру. Индустриялық аймақтардың өкілдерімен келесі кездесу 2026 жылдың қазанында жоспарланды.