18 марта 2021 г. 17:50

Иманбек жеңіп алған «Грэмми» сыйлығының тарихы қандай?

Фото:

Ел тарихында алғаш рет қазақ баласы талайдың қолы жетпеген Grammy сыйлығын жеңіп алды. Әлемнің мықтылары армандаған сыйлықтың даңқы "Оскар" сыйлығымен пара-пар.

«Грэмми» Америкалық дыбыс жазу академиясының премиясы, АҚШ дыбыс жазу қауымдастығымен 1958 жылы 14 наурызда құрылған болатын. Бүгінгі күні музыка индустриясының ең абыройлы марапаты деуге келеді. Марапат ретінде граммафон мүсіншесі беріледі.

"Грэмми" жыл сайын 108 категория бойынша музыканың 30 жанры бойынша Recording Academy мүшелерімен марапатталады. Ең алғашқы марапаттау салтанаты 1958 жылдың 4 мамырында болған.

Премияға Грэмми атауы да бекер берілмеген. Бастапқыда оны фонографты ойлап тапқан адам Томас Эдисонның құрметіне "Эдди" деп атау ойда болған. Алайда бұл атауды адамдар америкалық эстрада әншісі және актер Эдди Фишердің құрметіне аталған деп ойлауы мүмкін деген ой туған. Сөйтіп, "Грэмми" деген атау граммафонды ойлап тапқан адам Эмиль Берлинердің құрметіне таңдалған. Бұл атау БАҚ-та дауыс беру арқылы таңдалған. Оны Жаңа Орлеан тұрғыны Джей Данна есімді қыз ұсынған. Премия жеңімпаздарына кішкентай граммафон статуэткасын беру тарихы да осы оқиғадан басталған.

Премияның екінші рәсімі алғаш рет 1959 жылы 31 қарашада телеарна арқылы көрсетілген болатын. Алайда ол кезде марапат әлі танымал емес, әрі қаржы жетіспегендіктен келесі жылғы марапаттардың түсірілімі мен телекөрсетілімі болмады. 1963 жылдан бастап қайтадан телеарна арқылы көрсетіліп, 1971 жылдан бастап премия лауреаттары тікелей эфир арқылы шыға бастады. Ал 2010 жылдан бастап "Грэмми" дүние жүзінің 170 елінде көрсетіледі.

Премияда лауреат атанып, мүсіншені алған әртістерге ақшалай сыйақы берілмейді. Алайда премияда жеңіске жеткен кез келген орындаушы не продюсердің концерттерінің билет сатылымы 55 пайызға өсуі мүмкін. 

Әр санат бойынша жеңімпаздар АҚШ Ұлттық дыбыс жазу академиясының 13 мыңға жуық мүшесінің дауыс беруімен анықталады. Алынған Грэммидің саны бойынша абсолютті рекорд Джордж Солтиге тиесілі. Ол өзінің өнердегі мансабында 31 рет Грэмми сыйлығын ұтып алған. 

Еліміздің атынан шыққан Иманбек Зейкенов "Roses (Imanbek Remix)" трегі "Best Remixed Recording" номинациясы бойынша "Грэмми" премиясын жеңіп алды. Иманбек – "Грэмми" алған алғашқы қазақстандық.

Тегтер: