Имам-күйеуін «сәләфит» деп айыптаған әйелдің сөзін мүфтият жоққа шығарды
ҚМДБ Түркістан облысы Отырар ауданында тұратын имамның отбасындағы жанжалға араласып, өз өкілін қорғап, пікір білдірді.
Бұған дейін имамның 35 жастағы келіншегі Гаухар Жұмаділдә өз күйеуін – ауыл мешіті имамын «сәләф» деп күдік келтірген болатын. Ыдыс-аяқ жиі сылдырлай берген соң, бұл отбасы ойран болғанға ұқсайды. Қазір ортадағы алты бала үшін ерлі-зайыптылар арасында талас басталған.
Келіншектің айтуынша, соңғы кездері әкесі балаларын анасына қарсы қоя бастапты. Келіншек «тиран» күйеуінен заңды түрде ажырасу үшін сотқа арыз түсіріп үлгерген. Ал күйеуі тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, анасының өз балаларына қатыгездік көрсететінін алға тартып отыр.
ҚМДБ әйелдің сөздерін жоққа шығарып, әйелдің өзін айыптап түсініктеме берді.
«Гаухар Жұмаділдәның күйеуі Әлжан Төрехан Сейілханұлы – ҚМДБ Түркістан облысы Отырар ауданы Темір ауылы Мамырбек молда мешітінің имамы. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-жанжал бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқаны рас.
Оған себеп – Гаухар Жұмаділдәның балаларына күш көрсетіп, зорлық-зомбылық жасауы және ұрып-соғуы. Имам Әлжан Төрехан Сейілханның бар кінәсы – әйелі Гаухар Жұмаділдә екеуінің арасындағы перзенттерін безбүйрек аналарының зорлық-зомбылығынан қорғауы.
Әлжан Төрехан Сейілханұлы ҚМДБ Түркістан облысы Отырар ауданы Темір ауылы Мамырбек молда мешітінің имамы бола тұра, теріс ағымның жақтаушысына ұқсатуы негізсіз», – дейді ҚМДБ Түркістан облысының өкілдігі.
ҚМДБ-ның мәліметінше, ерлі-зайыптылардың арасындағы балалары аналарымен кеткісі келмейтін көрінеді. Гаухар Жұмаділдәны күйеуі Әлжан Төрехан Сейілханұлы үйден қумаған.
«Әлжан Төрехан Сейілханұлы әйелі Гаухар Жұмаділдәның балаларына көрсеткен зорлық-зомбылығын Гаухар Жұмаділдәның туыстарынан моральдық қолдауды сұрау мақсатында барған кезде, қолдауға ие болмады. Керісінше, туыстары Гаухар Жұмаділдәны қолдапты. Сондай-ақ, Әлжан Төрехан Сейілханұлы Гаухар Жұмаділдәмен ажырасып қана қоймай, оны ата-ана құқығынан айыруды сот жүзінде талап етуге бел буып отыр», – дейді ҚМДБ.
Мұның алдында Гаухар Жұмаділдә күйеуі екі баласымен үйінен қуып шығып, 4 баласын бермей отырғанын айтып, көршіліктен араша сұраған еді. Еxk.kz таратқан ақпаратқа қарағанда, келіншек балалары үшін күйеуінің қол көтеретініне де шыдап келгенін айтады.
«Күйеуім Арабияда оқып келген. Қазір Темір ауылындағы мешіттің бас имамы. Ана-енеммен бірге тұрған кезде күйеуім үйіндегілермен жиі жанжалдасатын.
Ханафи мәзхабын ұстанамын деп айтып жүреді, бірақ іс-әрекеттері сәлафтардың тірлігі. Біздің салт-дәстүрмен жүрмейді.
Қайын інім үйленген кезде беташарына қарсы болды. Өзімнің де беташарым, той болған емес. Балаларға да бесік той жасаған емес. Тіпті ата-енеме сәлем салдырмайды. «Сәлем салсаң, ажырасамын» деп талап қойған», – деген еді көпбалалы келіншек.
Бір отбасындағы дау үлкен қоғамдық толқу тудырып отыр. Имамды мүфтият қолдаса, әйелге кейбір бұқаралық ақпарат құралдары құқықтық көмек көрсетпек.