Илон Маск 2022 жылы адамдарға чип орнатылатынын мәлімдеді

Neuralink компаниясының негізін қалаушы Илон Маск эксперименталды маймылдарға нейрочиптерді имплантациялаудың сәтті өткенін айтты. Миллиардер адамға чип орнатуды келесі жылдан бастауға уәде берді.

Алматы, NEGE. Бірнеше жыл бұрын құрылған компания ми-компьютер интерфейсіне арналған технологияларды жасаумен айналысады. Фирманың негізін қалаушы Илон Маск эксперименталды маймылдарға нейрочиптерді имплантациялаудың сәтті өткенін айтты. Биылғы көктемде бұл примат нейрочиптің көмегімен әйгілі «Pong» ойынын ой күшімен ойнаған еді.

Миллиардер адамға чип орнатуды келесі жылдан бастауға уәде берді. Кәсіпкердің айтуынша, имплантанттар бірінші болып тірек-қимыл қозғалысы бұзылған адамдарға салу жоспарланған. Қазір «Neuralink» компаниясы АҚШ денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаменті агенттігінің тестілеуге рұқсат беруін күтіп отыр.

Сұхбат барысында кәсіпкер «Neuralink» технологияларының АҚШ-тағы медициналық жабдықтарға қойылатын барлық талаптарға сәйкес келетінін атап өтті. Жаңа технология жұлын жарақаттары бар адамдарға толық дене қозғалысын қайтаруға мүмкіндік бермек. Сөйтіп, олар қайтадан жүріп, аяқ-қолдарын қолдана алады деп күтілуде.