19 января 2026 г. 9:31

Илон Масктың компаниясына дипфейк-порнографияға қатысты ескерту жасалды

Фото: x.com/elonmusk

Калифорнияның бас прокуроры Роб Бонта Илон Масктың жасанды интеллект әзірлеумен айналысатын компаниясына хат жолдады.

Астана, NEGE. Илон Маск негізін қалаған xAI компаниясы заң тұрғысынан қиындықтарға тап болды, деп жазады Reuters. Роб Бонта компанияға қатаң ескерту жолдап, Grok чат-боты арқылы порнографиялық дипфейк-бейнелерді жасауды дереу тоқтатуды талап етті.

Бұған нейрожелінің жыныстық сипаттағы шынайы көрінетін бейнелерді жаппай әзірлеп жатқаны жөнінде түскен көптеген хабарлама себеп болған. Суреттерде көбіне әйелдер, тіпті кәмелетке толмаған балалар бейнеленген. Роберт Бонта бұл жағдай шектен тыс алаңдатып отырғанын айтып, Grok-тың мұндай әрекеттері заңбұзушылық деп бағалануы мүмкін.

Бонта сексуалды сипаттағы фотосуреттерді әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударып, кәмелетке толмаған балаларды қорғау басты міндет екенін атап өтті. Ал әрекетсіздік Калифорнияның тұтынушылардың құқықтарын қорғау және цифрлық қауіпсіздік туралы заңдарына сәйкес ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екені ескертілген.

Прокурор мәселені шешу үшін Илон Масктың xAI компаниясына 20 қаңтарға дейін уақыт берді. Бонта қолданушылардың сұранысы негізінде ЖИ-дің ашық-шашық киінген екі қыздың бейнесін әзірлеп бергенін мысалға келтірді. Оның пікірінше, бұл этикалық стандарттар мен АҚШ-тың жыныстық зорлық-зомбылық туралы заңына қайшы келеді.