ІІМ түнгі клубтар мен барлардың жұмысын 23:00-ге дейін шектеуді ұсынды

Ішкі істер министрлігінде тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы түнгі клубтардың жұмысын 23:00-ге дейін, ғимараты жеке тұрған клубтарды түнгі екіге дейін қысқарту туралы ұсыныс айтылды.

Алматы, NEGE. Себебі ішімдік ішіп, тәртіп бұзған, мекемеге қару алып келіп, жанжал туындаған деректер жиі тіркеледі екен. Дегенмен кәсіпкерлер бұл бастамаға қарсылықтарын білдірді.

Кәсіпкерлердің айтуынша, көпшілік көңіл көтеру орындарына тек кешкі 18:00-ден кейін барады. Ал 5 сағатта айтарлықтай пайда табу қиын. Ол қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы қатаң шаралар қолдану жеткілікті екенін айтады.

Бұл бастамаға халықтың пікірі екіге бөлінді, бірі қолдаса, екіншісі қарсы шықты. Ал соңғы шешімді қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті билік қабылдайды.