2 октября 2022 г. 11:55

ІІМ басшысы ШҚО тұрғындарымен кездесу өткізді

Фото:

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесті. “Ертіс концерт” орталық мәдениет үйінде ведомство басшысы азаматтарды қабылдады, – деп хабарлады Polisia.kz cайтының тілшісі.

Алматы, NEGE. Кездесу басында Марат Ахметжанов өскемендіктерге ішкі істер органдарының жұмысы мен криминогендік жағдай туралы баяндады. Мемлекет басшысының бастамасымен елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға да егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ министр ішкі істер органдарын реформалауды жалғастыру, полиция жұмысын бюрократиядан арылту, сотқа дейінгі іс жүргізуді оңтайландыру, полиция қызметін цифрландыру туралы хабарлады.

Марат Ахметжанов жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындарды негізінен қылмыстық істерді тергеу сапасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, шалғайдағы елді мекендердегі мал ұрлығына қарсы күрес, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығы сынды мәселелер қызықтырған. 

Ал күрделі мәселемен жүгінгендерді ведомство басшысы жеке қабылдады. Осы ретте тұрғындардың кейбір өтініштері бойынша қызмет басшыларына тапсырмалар берілді.

Министр жергілікті журналистерді де назардан тыс қалдырмай, арнайы брифингте  БАҚ өкілдерінің барлық сауалдарына жауап берді. Жұмыс сапары аясында Ішкі істер министрі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге әкімдік жанындағы ахуалдық орталыққа барды. Ал облыстық полиция департаментінде жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын тексерді. Аймақ полицейлерінің алдына қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңдылықты сөзсіз сақтау бойынша нақты міндеттер қойылды. Министрдің жұмыс сапары қала тұрғындарына арналған гала-концертке қатысумен аяқталған.

Тегтер: