Ибрагимова зейнетақы жинағын емге жұмсау жөнінде: 10 пайыз халықтың кесірі 90 пайызға тиді
Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдері «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимовадан «Зейнетақы жинағы есебінен емделу қызметі қайта іске қосыла ма?» деп сұрады.
Астана, NEGE. Банк төрағасы қазіргі таңда осы мақсатта бірыңғай онлайн-портал әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын емдеуге пайдалануды біріккен онлайн-портал іске қосылғаннан кейін қалпына келтіру жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл портал операциялардың ашықтығын қамтамасыз етпек.
«Қазір біз Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – бұл қызметті қолжетімді және ашықтығын қамтамасыз ету.
Халықтың 10 пайызының қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін 90 пайызының бұл қызметтен қағылғаны қынжылтады. Мен мұны әділетсіз деп санаймын.
Сондықтан 2026 жылдың соңына дейін біз осы процесті онлайнға көшіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жүйеде стоматологиялық клиникалар да, онлайн түрде қызмет көрсететін басқа да клиникалар тіркеледі. Қызмет онлайн форматта көрсетілгеннен кейін орындалған жұмыстар актісі рәсімделеді, деректер Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияланады. Барлығы ашық және түсінікті болады», – деді Ибрагимова.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражаты есебінен емделуді тоқтату немесе қайта бастау туралы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды. Ал банк әзірлеп жатқан онлайн-портал осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған.