21 августа 2025 г. 14:54

«Хуторские» бандасының жетекшісі делінген Х.Қасымбаевты Шерзат ісіндегі адвокаттар қорғайды: Алғашқы сот отырысы қалай өтті?

Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы басталды. 

Естеріңізге сала кетейік, Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша іс қозғалған.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталып жатыр. Олар: Руслан Алиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.

Фото: NEGE

Жәбірленуші Арман Әлімов Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бастап танитынын, ал қалған сотталушыларды тек өзін ұрлап кеткен кезде көргенін мәлімдеді. Айтуынша, Х.Қасымбаевпен ғана арада кикілжің болған, ал қалғандарымен бас араздығы жоқ.  

Фото: NEGE

Сот отырысында айыпталушы тарап қылмыстық істі тоқтатуды талап етіп, істің заңсыз түрде қайта жандандырылғаны туралы мәлімдеді. 

Олардың айтуынша, А.Әлімовті соққыға жығу және ұрлау ісі бойынша үкім 2021 жылы-ақ шығарылған. Алайда жәбірленушілер бұған қарсылық танытты. Себебі олар осыған дейін үш рет әділ жаза талап етіп, оған қол жеткізе алмаған. Ал бұл жолы Хасан Қасымбаев жазадан құтылмайды деп үміттенеді.

«Мен таңқалып тұрмын. Менің ойымша, қорғаушылар алған ақшасын ақтап, жұмысын атқарып отыр. Бірақ құқық қорғау органдарының 9 ай бойы істеген жұмысына күмән келтіріп отырғаны өкінішті. Өздерін сүттен ақ, судан таза, қазір-ақ сот залынан босатып жіберуге болатындай ұстап отыр. Менің ойымша, барлығын келесі сот отырысында нақтыланады. Мен әділ сот болады деп үміттенемін. Соттасып жатқанымызға 5 жылдың жүзі болды. Олардың бүгінгі мәлімдемелері ақылға қонымсыз», – деді Арман Әлімовтың анасы. 

Жәбірленуші тараптың адвокаты басқа сотқа қатысып жатқандықтан, бірінші сот отырысына келе алмаған. Арман Әлімовтің анасының айтуынша, адвокат келесі сот отырыстарына қатыса бастайды.

Ал сотта Хасан Қасымбаевтың мүддесін Шерзат ісінен белгілі адвокаттар қорғап жатыр. Олар – сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов пен ағайынды Тоқтаубаевтардың адвокаты Гүлмира Бабажанова. Халық о баста Хасан Қасымбаевтың ісімен Шерзат ісіндегі оқиғаларды байланыстырған болатын. Шерзат ісінде айыпталушыларды қорғаған адвокаттардың Хасан Қасымбаевтың ісінде бой көрсетуі сәйкестік пе?  

«Бұл – сәйкестік. Айта кететіні, біз осы іске Шерзаттың ісі аяқталғаннан кейін қатыса бастадық. Іс толығымен аяқталды, содан кейін кірістік. Туыстары айтқаннан кейін ғана бұл істі қолымызға алдық», – деп жауап берді адвокат Г.Бабажанова журналистердің сұрағына.

Олар Шерзат Полат ісінде Хасан Қасымбаевтың еш қатысы жоқ екенін атап өтті. «Шерзат ісіне Х.Қасымбаев ісінің ешқандай қатысы жоқ. Баптары басқа», – деді адвокат М.Ержанов. 

Адвокаттар Х.Қасымбаевқа тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. 

«Біз қорғауымыздағы Х.Қасымбаевқа тағылған айыппен келіспейміз. Айыптау актісі әлі оқылған жоқ. Біз Хасан Қасымбаевтың кінәсі дәлелденген жоқ деп есептейміз. Оған заңсыз айып тағылып отыр. Келесі сот отырысында айыптау актісі оқылады. Біз өзіміздің қандай айыппен келіспейтінімізді айтамыз», – деді адвокат М.Ержанов. 

Хасан Қасымбаевтың жұбайы Зүлфия Қасымбаева та тілшімізге берген сұхбатында күйеуіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

«Менің күйеуімнің есімі аталуы және қазіргі жағдай Шерзаттан басталды ғой. Өзім де анамын, бала тәрбиелеп отырмын. Сондықтан Шерзаттың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Бірақ бүкіл Қазақстан оның (Хасан Қасымбаев – ред.) бұл іске қатысы жоқ екеніне куә болды. Қазір сот болып жатыр, барлығы анықталады», – деді ол NEGE тілшісіне.

Келесі сот отырысы 22 тамыз, сағат 10.00-ге белгіленді. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыстың 2021 жылдың 17 маусымында жасалғаны анықталды.