Храпуновтар Швейцарияда «толық ақталғанын» мәлімдеді. Алайда іс ескіру мерзіміне байланысты жабылған
Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова Швейцарияда өздеріне қатысты қылмыстық іс түпкілікті жабылғанын және заң бойынша «толық ақталғандарын» мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Лейла Храпунова Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Қылмыстық іс түпкілікті жабылды. Бізге қатысты айыптау үкімі жоқ, қылмыстық кінәміз анықталған жоқ және Швейцарияда бізге қатысты жалғасып жатқан қылмыстық іс тоқтатылды», – деп мәлімдеді ол.
Алайда Telegram-дағы «Политпросвет.kz» арнасының жазуынша, Швейцария соты Храпуновтарға қатысты ақтау үкімін шығармаған. Іс расымен де тоқтатылған, бірақ оны тоқтатуға басқа себеп негіз болған.
Швейцариядағы тергеу 2012 жылы басталып, ақшаны жылыстату ықтималдығы тексерілді. Осы уақыт ішінде Женева прокуратурасы істі бірнеше рет тоқтатқанымен, Алматы билігі бұл шешімдерге шағым түсірген.
2026 жылғы маусымда іс түпкілікті тоқтатылды. Швейцарияның Gotham City басылымының мәліметінше, бұған қылмыстық қудалау мерзімінің өтіп кетуі себеп болған. Осыдан кейін Алматы билігі Швейцарияның Федералдық сотына шағымданбаған, сондықтан шешім заңды күшіне енді.
«Сондықтан Храпуновтардың "толық ақталдық" деген мәлімдемесі – жағдайды біршама еркін түсіндіру. Ақтау үкімі соттың айыпты істің мәні бойынша қарап, сотталушының кінәсіздігі туралы қорытынды жасағанын білдіреді. Ал Храпуновтарға қатысты жағдай басқаша: Швейцариядағы іс айыптау үкімі шығарылмай да, ақтау үкімі шығарылмай да аяқталды. Іс қылмыстық қудалау мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды. Сондықтан дұрысы – Храпуновтар отбасына қатысты Швейцариядағы іс түпкілікті жабылды деп айту», – деп жазды автор.
Айта кетейік, Қазақстанда 2018 жылы Виктор Храпунов сырттай 17 жылға, ал Лейла Храпунова 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.