Хайнаньда 150-ден астам қазақстандық рейсті бір тәуліктен аса күтуге мәжбүр болды: Air Astana мән-жайды түсіндірді
Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласынан Астанаға Air Astana рейсімен ұшуы тиіс 150-ден астам жолаушы елге уақытында орала алмады. Рейстің кешігуіне, компания өкілдерінің хабарлауынша, ұшақтың техникалық ақауы себеп болған.
Астана, NEGE. Жолаушылардың жағдайы туралы Threads әлеуметтік желісінің қолданушылары жазды. Олардың айтуынша, рейсті күткендер арасында отызға жуық қарт әйел мен жиырма бала болған. Ұзақ күтуге мәжбүр болған балалар мен егде жастағы адамдар әуежайдағы орындықтарда ұйықтауға мәжбүр болған.
Air Astana компаниясы рейстің кешігуіне қатысты түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, 4 қарашаға жоспарланған KC584 Санья – Астана чартерлік рейсі ұшақтың жасыл гидравликалық жүйесіндегі қысымның төмендеуіне байланысты кейінге шегерілген. Осылайша, рейс жалпы 27 сағатқа кешіккен.
Ақау анықталған бөлшек ауыстырылған. Әуе компаниясы жолаушыларға трансфер, тамақ және қонақүй ұсынған.
Ұшақ Санья әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 5 қарашада сағат 10:07-де ұшып шыққан. Астанаға сағат 14:45-те жетпек.
Air Astana жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.