26 августа 2025 г. 11:37

Хасан ісі: Сотталушылардың адвокаттары судьяны істен шеттетуді екінші рет сұрады

Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу жалғасады, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.

Алматы, NEGE. Хасан Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Меңдешев сот залына журналистерді кіргізуді сұрап, судьяның шешіміне қарсылық білдірді. Сотталушылар да адвокаттың қарсылығын қолдады.

Сонымен қатар айыпталушылардың қорғаушылары судьяны істен шеттетуді тағы сұрады. Олардың айтуынша, судья бірнеше рет адвокаттардың өтінішхатын қанағаттандырмаған. Қорғау тарапы бірнеше рет Ержан Қасымбаевтың қоңырауына қатысты сипаттамалық материалдарды іске қосуды сұрап, өтініш жасаған болатын. Сонымен қатар іске бейнежазбаны қосуды сұрап, өтініш білдірген. Бұл өтініштер қанағаттандырылмады. Сол себепті қорғаушы Ерлан Меңдешов судья Айнагүл Тукубаева істі біржақты қарап отыр деп есептейді.

Айнагүл Тукубаеваны істен шеттету туралы өтінішхатты судья Хайдар Абдықұлов қарап, адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмады. Істі ары қарай судья Айнагүл Тукубаева өзі жүргізеді.

Сот отырысында жәбірленуші Арман Әлімовтен жауап алу жалғасады. Жәбірленушінің сотта берген айғақтарын БАҚ беттерінде жариялауға тыйым салынған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталып жатыр. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.