13 октября 2025 г. 12:41

Хасан Қасымбаевтың ісі: Айыпталушылардан жауап алу басталды, бірақ судья журналистерді сот залына кіргізбеді

Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша 20 тамызда басталған сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан. 

Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша жәбірленушілерден, куәлардан жауап алу аяқталды. Бүгінгі сот отырысында сотталушылардан жауап алынады.

Естеріңізде болса, Судья Айнагүл Тукубаева жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салған болатын. Сол себепті оқиғаның мән-жайы айтылмады.

Алдыңғы отырыста судья жәбірленушілердің сотта айтқанын баспасөз бетінде жариялау куәлардың жауабына әсер етеді деген себеппен журналистерді сот залынан шығарып жіберген болатын. Одан кейін куәгерлер жауап бергенде олар аты-жөндерін жариялағысы келмейтінін, құпиялық сақталатынын айтып, журналистердің сот процесіне кіруіне тыйым салған. Осы уақытқа дейін БАҚ өкілдері процесті арнайы залдан, тікелей трансляциядан бақылап отырды. Алайда журналистерге эфирдің даусы дұрыс естіліп жатқан жоқ.

Бүгін сотталушылардан жауап алу басталғанымен, журналистерді сот залына тағы да кіргізбеді. Айта кетейік, айыпталушылар мен жәбірленушілер БАҚ өкілдерінің кіруіне қарсы емес. Журналистер процесс өтіп жатқан залға кіргізуді соттың баспасөз хатшысы арқылы судьядан сұраған болатын. Судья Айнагүл Тукубаева бұл тақырыпқа қайта оралғысы келмейтінін, журналистердің процеске кіргізілмейтіні айтылғанын жеткізді.

Бұған дейінгі процестерде жәбірленушілер мен куәлардың сөзін баспасөз бетінде жариялауға тыйым салынса, сотталушылардың жауабында ондай құпиялық жоқ. Адвокаттар да, қоғамдық қорғаушылар да, айыпталушылар да қарсы емес. Сот залы кең, отыратын орын да жеткілікті. Алайда, судья Тукубаеваның не себепті қарсы екені белгісіз. Себебін де түсіндіріп айтқан жоқ.

Қазір сотталушы Руслан Әлиевтен жауап алынып жатыр. Алайда оның сотта не айтып жатқаны журналистер анық естілмейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.