22 сентября 2025 г. 15:47

«Хуторскийлер» ісі: Жәбірленуші сотта Хасан Қасымбаевтың көзінше жауап беруден бас тартты

Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі.

Алматы, NEGE. Бүгінгі процесс сағат 10.00-де басталуы тиіс еді. Алайда сотталушылар сот залына уақытысында жеткізілмеді. Судья алдымен процессті жарты сағатқа кейінге шегерген, сосын 14.30-ға дейін үзіліс жариялады.

Түстен кейін сот отырысы қайта жалғасты. Сотқа тек Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Данияр Асқаров жеткізілді. Қалған сотталушылар денсаулығына байланысты қатыспады. 

Өткен сот отырыстарына іс бойынша екінші жәбірленуші Аюпжан Тажиев келмеген болатын. Оның процеске онлайн қатысуына сотталушылардың адвокаттары қарсы болды. Жәбірленушіні келесі сот отырысына мәжбүрлі түрде қатыстыру да ұсынылды.

Түстен кейін екінші жәбірленушінің жауап беруге келгені белгілі болды. Алайда Аюпжан Тажиев сотта тек Хасан Қасымбаевтың және басқа да айыпталушылардың қатысуынсыз жауап беретінін айтып, судьяға өтініш білдірген. Судья Айнагүл Тукубаева өтінішті қанағаттандырды. Сотталушылар сот залынан шығарылды. Оларға өз сұрақтарын адвокаттарына жазып беруге уақыт беріліп, сот тағы да үзіліс жариялады.

Алайда сотталушылардың адвокаты бұл жағдайды қорғауындағы азаматтардың құқықтарын шектейтінін алға тартып отыр.