11 ноября 2025 г. 13:43

Хасан Қасымбаевтың соты: Адвокаттар сотқа апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді

Фото: NEGE

Бүгін Талғарда 3 айға созылған сот аяқталды. Хасан Қасымбаев пен осы іске қатысы бар делінген 5 айыпталушыға сот үкімі шықты.

Сот үкімі жарияланар алдында сотталушылардың туыстары бұған дейін процеске қатыспаған журналистердің сот залынан шығуын талап етті. Нәтижесінде БАҚ өкілдері залдан шығарылды. Олар арнайы залға орналастырылғанымен, судьяның дауысы дұрыс естілмеді. Сонымен қатар, айыпталушылардың жақындары жәбірленушілердің үкімге келмегеніне наразылық білдірді.

Жәбірленуші Арман Әлімовтің адвокатынан тілшілер жәбірленушілердің сотқа не себепті келмегенін сұрады.

«Арман Әлімов қазір жұмыста. Ал анасына хабарласқан жоқпын», – деп қысқа қайырды адвокат тілшілердің сауалына. 

Айыпталушы тараптың жақындары «жәбірленушілер қатыспайынша, үкім оқылмасын» деген талап қойды. Дегенмен судья үкім оқуды жалғастырып кетті.

Судья Айнагүл Тукубаева сот үкімін оқып, Хасан Қасымбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі (адам ұрлау), 106-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 194-бабы 2-бөлігі (қорқытып алу) бойынша айып тағылып отыр.

Сонымен қатар, қалған 5 сотталушы: Руслан Әлиев – 8 жылға, Мадияр Қалымжанов – 9 жыл 6 ай, Сайлау Ақтанов – 8 жыл 6 ай, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков – 22 жылға, Данияр Асқаров – 8 жылға сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сотталушылардың жақындары сот үкімімен келіспейді. Адвокат Г.Бабажанова үкімнен кейін тілшілерге берген сұхбатында: «Х.Қасымбаев ақталып шығуы керек еді, оның қылмысы дәлелденген жоқ», – деді.

Фото: NEGE

«Мен бұрын да айттым, біздің ойымызша, үкім заңсыз. Жәбірленуші А.Тәжиев 10 реттен артық тергелген, және әр жолы әртүрлі айғақ берген. Түсінесіз бе? 2016 жылы бір нұсқаны айтқан, ал өткен жылы мүлде басқа нұсқаны ойлап тапқан. Оның айғақтарында іс бойынша ешқандай дәлел жоқ. Сол сияқты Алимов ісінде де сол жағдай. Ол шамамен жеті рет тергелген. Үнемі жауабын өзгертіп отырады. Жәбірленуші Әлімовке қатысты төрт жылдан астам уақыт бойы үш сот процесінен өтті, бәрінде Х.Қасымбаев куә ретінде тергелді. Ал Шерзат Полаттың ісі резонанс тудырғаннан кейін ғана оны бұл іске күдікті ретінде тарта бастады», – деді Х.Қасымбаевтың адвокаты Н. Кервенов.

Фото: NEGE

Сотталушылардың адвокаттары мен туыстары апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.