25 августа 2025 г. 12:44

Хасан Қасымбаевтың адвокаты судьяны істен шеттетуді сұрады

Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Хасан Қасымбаевтың адвокаты судьяға қарсылық білдірді, деп хабарлады NEGE тілшісі сот залынан.

Алматы, NEGE. Айыпталушы Хасан Қасымбаевтың мүддесін қорғайтын адвокат Ерлан Меңдешев судья Айнагүл Тукубаеваға қарсылық білдірді. Қорғаушының пікірінше, судья сот процесін біржақты жүргізіп отыр.

«Қорғау тарапы бірнеше рет Ержан Қасымбаевтың қоңырауына қатысты сипаттамалық материалдарды іске қосуды сұрап, өтініш жасаған болатын. Адвокаттың сізге ұсынған құжаттары оның ешқашан ұялы телефон пайдалануға қатысы болмағанын растайды, алайда сіз оларды іске қосудан бас тарттыңыз. Екінші адвокат та бейнежазбаны іске қосуды сұрап, өтініш білдірген еді, алайда сіздің тарапыңыздан ол да қабылданбады. Қазіргі таңда сіз негізсіз жәбірленушілердің жағындасыз. Істі қарауыңыздың объективті еместігіне байланысты сізге қарсылық білдіремін», – деді адвокат Ерлан Меңдешев.

Адвокаттың қарсылығына байланысты сот үзіліс жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталып жатыр. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.