«Банданың басшысы деп, абыройымды таптады» – Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты
Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот аяқталуға жақын, – деп хабарлайды NEGE тілшісі.
Сотқа жәбірленуші тарап келмеді. Сот отырысы басталған сәтте, сотталушылардың жақындары наразалық танытты. Олар «жәбірленушілер бүгінгі сот отырысында жоқ, сол себепті айыпталушылар соңғы сөздерін айтпайды» деген уәж айтты. Сонымен қатар, Х.Қасымбаевтың туыстары прокурордан 15 жыл жаза сұраған кезде қандай дәлелдерді негізге алғанын сұрады. Сот процесі дауға ұласып кетті.
Сотқа қатысушылар тынышталғаннан кейін Х.Қасымбаев соңғы сөзін айтты. Ол өзінің бұл істе кінәсі жоқ екенін, сол себепті өзін ақтауды сұрады.
«Құрметті сот, мен сіздердің алдарыңызда ақиқатты айту үшін тұрмын. Менің кінәмді дәлелдейтін айғақ жоқ. Менің тағдырым қоғамды тынышталдыру үшін құрбан болмауы тиіс. Маған басқа адамдармен бірге айып тағылған, бірақ мен қылмысқа қатыспадым. Қасымдағы айыпталушылармен бұрын кездеспегенмін, сөйлеспегенмін, ешқандай байланысым болмады. Құрметті сот, мен сізден әділдік сұраймын. Мені "банданың басшысы" деп, абыройымды таптады. "Хутор" бандасының жоқ екенін ішкі істер органдары да растады. Соған қарамастан Алимов сандырақ айтып, қоғамды адастырып жүр», – деді Х.Қасымбаев соңғы сөзінде.
Өзге сотталушылар соңғы сөздерін айтудан бас тартты. Олар оған себеп ретінде журналистердің сот залында айыпталушыларды суретке түсіруін атады.
Өзге сотталушылар соңғы сөздерінде тек «Бұзақылық» бабын ғана мойындайтынын алға тартып, судьядан әділдік сұрады.
Бұған дейін сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Өзге сотталушыларға 9-20 жыл аралығында үкім кесуді сұраған.
«Хасан Қасымбаев бұл істе ешкіммен байланыста болған жоқ. Қылмыстық іс бірнеше рет қайта сараланды. Қазір, яғни, біз үкім күтіп отырмыз. Прокурор 15 жыл сұрады. Біз, әрине, соттың әділ боларына, барлық дәлелдер мен уәждерді ескеретініне, істі біржақты қарап, тек айыптау жағын ғана қолдамайтынына үміттенеміз. Ақырында әділ жаза тағайындалады деп сенеміз», – деді адвокат Бабажанова.
Хасан Қасымбаев пен осы іске қатысы бар делінген 5 айыпталушыға сот үкімі 2025 жылы 11 қарашада шығады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар оған 2016 жылы Аюпжан Тәжиевке қатысты оқиға бойынша айып тағылған.
Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.