1 июня 2025 г. 0:47

ХАМАС пен Израиль арасындағы келіссөздерге жаңа серпін: бітімге үміт бар ма?

Фото: ғаламтордан

Палестиналық ХАМАС ұйымы сенбі күні АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф ұсынған Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы ұсынысқа қатысты ресми жауабын тапсырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Al Arabiya.

АЛМАТЫ, NEGE. Ұйымның мәлімдемесінде ХАМАС тарапынан негізгі шарт ретінде соғысты толық тоқтату талап етілетіні айтылған. Айта кетейік, бұл талап бұған дейін Израиль үшін қабылданбайтын шарт ретінде қарастырылып келген.

ХАМАС өкілдері Уиткоффтың ұсынысы шеңберінде он тірі тұтқынды босатуға және 18 марқұмның денесін қайтаруға дайын екенін білдірді. Бұл қадамға жауап ретінде Израиль тарапынан белгілі бір сандағы палестиналық тұтқындардың бостандығына шығуы талап етіледі.

— Бұл ұсыныстың басты мақсаты — Газа секторында тұрақты бітім орнату, израильдік әскерлердің аумақтан толық кетуі және гуманитарлық көмектің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету, — делінген ХАМАС мәлімдемесінде.

Ұйым атап өткендей, өз жауабын ХАМАС ұлттық консультациялардан кейін жолдаған.

Мәлімдемеде ұсынысқа қандай да бір өзгерістер енгізу қажет екендігі ашық көрсетілмесе де, Reuters агенттігіне сұхбат берген палестиналық шенеуніктің айтуынша, ХАМАС кейбір түзетулер ұсынғанымен, жалпы алғанда жауап оң сипатта болған.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін израильдік БАҚ Биньямин Нетаньяху Газадағы тұтқындардың туыстарына Уиткоффтың ұсынысын қабылдағанын айтқанын хабарлаған, алайда ол кезде де ресми түсініктеме болмаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін наурыз айында бітім орнатуға бағытталған келіссөздер сәтсіз аяқталған болатын. Бұған Израиль мен ХАМАС арасындағы терең қайшылықтар себеп болған.

Израиль тарапы ХАМАС-тың толық қарусыздануын, ұйымның әскери және әкімшілік құрылым ретінде жойылуын және барлық 58 тұтқынды босатуды талап етуде. Ал ХАМАС мұндай талаптарды қабылдамай, керісінше, Израильдің Газадан толық әскери шегініп, соғыс қимылдарын ресми түрде тоқтатуын талап етеді.

2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, израильдік тараптың мәліметінше, 1200 адам қаза тауып, 251 адам тұтқынға алынған. Осы оқиғадан кейін Израиль Газада әскери операция бастаған.

Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильдің әскери әрекеттері салдарынан 54 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, анклав толық дерлік қираған.

Бұған дейін Al Arabiya ақпарат көзі ХАМАС пен Израиль Газада 60 күндік бітімге келіскені жөнінде де хабар таратқан болатын.

Тегтер: