ХАМАС Газа секторындағы үкіметін таратқанын мәлімдеді

Палестиналық қарулы ХАМАС ұйымы дүйсенбі, 6 шілдеде Газа секторын жиырма жылға жуық уақыт бойы басқарған құрылымын таратқанын және оның басшысы Мұхаммед әл-Фарраның қызметінен кеткенін хабарлады.

Wikimedia commons

Астана, NEGE. Бұл жөнінде ХАМАС-тың үкіметтік медиа кеңсесінің жетекшісі Исмаил ат-Тауабта хабарлады Euronews  делінген ақпаратында.

Ұйым 2006 жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, 2007 жылы қарсыласы – палестиналық ФАТХ қозғалысынан билікті күшпен тартып алып, Газаны бақылауда ұстап келеді. Өткен жылдың қазан айында ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін ұйым бірнеше рет Газа секторын басқарудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген. 

«Үкіметтің төтенше комитетінің басшысы Мұхаммед әл-Фарра ресми түрде қызметінен кетті. Сондай-ақ ол Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке (NCAG) әкімшілік және басқару өкілеттіктерін беруді жеңілдету үшін комитетті тарату туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады ХАМАС өкілі.

Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитет (NCAG) АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен жасақталған Бейбітшілік кеңесінің шешімімен құрылды.

«ХАМАС Газа секторын басқарудан бас тарту арқылы жаңа қадам жасады. Бұл оккупацияның агрессиясы мен жою соғысын жалғастыруына сылтау болатын кез келген себепті жоюға бағытталған», – деп келтіреді телеарна ХАМАС өкілі Хазем Қасемнің мәлімдемесін.

ХАМАС құрылымының таратылуы палестиналық технократ Әли Шаат басқаратын Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің (NCAG) жағалаудағы анклавтағы әкімшілік өкілеттіктерді қабылдауына мүмкіндік береді. Алайда NCAG бірнеше ай бойы Газадан тыс жерде жұмыс істеп келді. Бұған Израильдің комитет мүшелерінің соғыс өрті шарпыған аумаққа кіруіне қарсылық білдіруі себеп болған.