Halyk Bank кеңесшісі коронавирус жұқтырған
Halyk Bank ғимаратында жұмыс істеген консультант коронавирус жұқтырған, - деп хабарлайды банктің PR-қызметі.
Алматы, NEGE. "Банк ғимараттарының бірінде кеңес беру қызметімен айналысқан сыртқы ұйымның қызметкері COVID-19 коронавирусын жұқтырғанынан хабардар етуді жөн көрдік", - делінген Halyk Bank хабарламасында.
"Денсаулық сақтау министрлігінің әрекет ету алгоритміне сәйкес ауру, сондай-ақ онымен байланыста болған барлық қызметкер қазіргі уақытта оқшауланып, карантинде", - деп толықтырды банк.
"Банк клиенттер мен қызметкерлер денсаулығының барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алды. Кеңселік үй-жайлар мен бөлімшелерді үнемі санитарлық өңдеу жүргізіледі. Банк бөлімшелері мен банкоматтар әдеттегі тәртіпте жұмыс істейді, барлық операция клиенттерге қолжетімді", - деп атап өтті Halyk Bank өкілдері.
Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелген: 2-еуі Нұр-Сұлтанда, 7-еуі Алматыда.