«Халықтық құрылысқа» бөлінетін 6,5 трлн теңге: Годунова қандай қауіп барын айтты
Құрылтай депутаты Наталья Годунова «Халықтық құрылыс» жобасына Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 трлн теңгенің өңірлер арасында әділ бөлінбеу қаупі бар екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезде субвенция көлемі әкімдіктердің келіссөз жүргізу қабілетіне байланысты қалыптасып отыр.
Астана, NEGE. Decaf. подкастында Наталья Годунова «Халықтық құрылыс» жобасын қаржыландыру, Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау және өңірлер арасында бюджет қаражатын бөлу мәселелері туралы сұрақтарға жауап берді.
Депутаттың пікірінше, «Халықтық құрылыс» жобасына қаражат бөлгенде, әр өңірдің нақты қажеттілігіне сүйенетін бірыңғай әдістеме мен деректер базасы болуы керек. Әйтпесе, бір өңірде бос тұрған мектептер салынса, Алматы сияқты қалаларда оқушы орындарының тапшылығы мәселесі шешілмей қалуы мүмкін.
– «Халықтық құрылыс» жобасына Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінбек. Мемлекет басшысы осы қаражаттың жұмсалуын қадағалайтын арнайы комиссияны да құрды. Елімізде прокуратура, Жоғары аудиторлық палата, депутаттар бар да, тағы бір арнайы комиссия құрудың қажеті қанша?
– Меніңше, тексеруші және бақылаушы органдардың міндеттерін арнайы мемлекеттік комиссияның міндеттерімен шатастыруға болмайды. Аудит тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар әрекеттерді қадағалап, тергейді.
Ал арнайы мемлекеттік комиссия үйлестіру қызметін атқара алады. Оның жұмысына қоғам өкілдері де қатысуы мүмкін.
Менің ойымша, бұл органдардың жұмысын бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Тек арнайы мемлекеттік комиссия өз қызметінде Жоғары аудиторлық палатаның, прокуратураның және басқа да құқық қорғау органдарының міндеттерін алмастырмауы керек.
– Ұлттық қор болашақ ұрпақтың игілігі үшін жинақ ретінде құрылған еді. Қазіргі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін одан қаражат алу қаншалықты дұрыс?
– Ұлттық қор қаражатын көп пайдалануға әрдайым қарсы болып келгенімді білесіздер. Кейін Мемлекет басшысы тапсырма бергенде, Қазақстандағы қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, бұл мәселені ұзақ ойландым. Ақырында, мұндай шешім өзін ақтайды деген қорытындыға келдім.
Алайда Ұлттық қордан қаражат бөлу сапасыз экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың кемшіліктерін жабуға немесе оның орнын толтыруға пайдаланылмауы керек. Ұлттық қордан тек экономиканың одан әрі дамуына серпін беретін және ұзақ мерзімді нәтиже әкелетін жобаларға ғана қаражат бөлінуі қажет.
Мұндай жобалардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты болуы тиіс. Әрине, осындай қаражатты игеру кезінде белгілі бір тәуекелдер де бар.
Бірінші әрі маңызды тәуекелдердің бірі – жобалардың сметалық құнын негізсіз көтеру. Жоғары аудиторлық палата 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттама құнының 30 пайызына дейін негізсіз өсірілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Мұндай соманың көлемі бір трлн теңгеден асады.
Бұл 6,5 трлн теңгенің тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін. Қандай қомақты сома екенін түсініп отырған боларсыздар. Егер 30 пайыздық көрсеткішті негізге алсақ, шамамен 2 трлн теңге туралы айтып отырмыз.
Екінші тәуекел – қаражатты өңірлер арасында нақты қажеттілікті ескермей бөлу. Сондықтан басты өлшем – әр жобаның экономика мен халық үшін беретін нәтижесі алдын ала есептеліп, нақты көрсеткіштермен өлшенуі керек.
Өңірлер арасында қаражатты негізсіз бөлу қаупіне келсек, қазіргі бюджет саясатында бұл мәселені шешетін тетіктер жеткіліксіз. Бюджет кодексінде өңірлердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға нақты қажеттілігін көрсететін бірыңғай әрі өзекті деректер базасы қарастырылмаған.
Біздің мақсатымыз – еліміздің әр өңіріндегі халықтың өмір сүру жағдайын теңестіру.
Ал қазір кезекті үш жылдық бюджетті қалыптастырып, өңірлерге берілетін субвенция көлемін бекіткенде, қаржының мөлшері көбіне әкімдіктің келіссөз жүргізу мүмкіндігіне және жекелеген министрліктер мен мемлекеттік органдардың субъективті шешімдеріне байланысты болады. Яғни нақты өңірдің қажеттілігі әрдайым ескеріле бермейді.
– Демек, мұнда таныстықтың да әсері бар ма?
– Белгілі бір дәрежеде, иә.
– Мұндай жағдай «Халықтық құрылыс» кезінде қайталанбауы үшін не істеу керек?
– Әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтайтын әдістеме әзірлеу керек деп ойлаймын. Ол үшін өңірдің әлеуметтік нысандармен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін бірыңғай әлеуметтік стандарттар негізінде бағалау қажет.
Бізде мұндай жұмысты бастауға негіз бар. Сонда кейбір өңірлерде кейін небәрі 20-30 пайызға ғана жүктелетін мектептердің салынуы сияқты жағдайлардың алдын аламыз. Ал Алматының кейбір мектептерінде оқушы орындарының тапшылығы 30 пайызға жетеді.
Сондықтан бірыңғай деректер базасы қажет. Цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, мұндай базаның әлі күнге дейін болмауы таңғаларлық жағдай.
– Мұндай деректер базасының болмауы кімге тиімді? Әлде оның қажеттілігі туралы ешкім ойланбаған ба?
– Меніңше, бұл жағдай тарихи тұрғыда қалыптасқан. Өңіраралық бюджет қатынастары, жалпы сипаттағы трансферттер мен субвенциялар осы уақытқа дейін осындай тәртіппен бөлініп келді. Енді бұл жүйені өзгертетін уақыт жетті.
Біріншіден, бұл Ұлттық қор қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік ресурстарды әділ бөлуге мүмкіндік береді. Екіншіден, өңірлердің, қала мен ауылдың біркелкі дамуына жол ашады.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың халық қажеттілігіне қарай салынатыны нақты дәлелденсе, жұртшылық та мұндай шешімді жақсы қабылдайды деп ойлаймын.
– Қазір премьер-министрдің тапсырмасымен әкімдіктер өздеріне қажетті инфрақұрылым нысандарының тізімін жасап жатыр. Әр өңірге қажетті инфрақұрылым нысандарының тізімі мен мердігерлер туралы ақпарат ашық жариялануы керек пе?
– Бағдарламаның өзі «Халықтық құрылыс» деп аталған соң, мұндай мәліметтер міндетті түрде жария болуы керек деп ойлаймын.
Жобалардың өзін, мердігер ұйымдардың атауын, қызмет құнын ғана емес, құрылыс барысында баға өссе, оның көлемін де жариялау қажет. Жобалау-сметалық құжаттама құнының қымбаттауы да ашық көрсетілуі керек. Өйткені бұл – мемлекеттік қаражат.
1,5 трлн теңге бөлу туралы шешім биыл, яғни 2027 жылдың алғашқы екі айында қабылдануы керек. Сондықтан біз, депутаттар, осы алғашқы 1,5 трлн теңгенің қандай өлшемдер бойынша бөлінетінін білгіміз келеді.
Қаражаттың кімге және қандай нысандарға берілетіні ғана емес, мұндай шешімнің қандай дәлелдер мен критерийлерге сүйеніп қабылданатыны да маңызды.
– Көбіне жобалау-сметалық құжаттама құны өскенде, оған геосаяси жағдай мен құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп ретінде айтылады. Жалпы, «Халықтық құрылыс» кезінде қаржылық заңбұзушылықтар қаншалықты көп болуы мүмкін? Мұндай жағдайға кім жауап беруі керек?
– Бұл бастапқыда қандай шаралар қабылданатынына байланысты. Егер мемлекет алдын ала тиісті шараларды қолға алса, қаржылық заңбұзушылықтар барынша аз болуы мүмкін. Ол үшін ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Ал бұрынғы қалыптасқан жолмен жүріп, әр әкімдік өз мүмкіндігіне қарай министрліктермен келісіп, бағдарлама аясында қажетті нысандарға қаржы алуға тырысса, онда тәуекелдер шынымен де жоғары болады.