«Халықтық құрылыс»: халық игілігіне бағытталған ауқымды жоба
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылаудың жаңа бағыты қалыптасты. 25 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлыққа қол қойып, оның құрамын бекітті.
Астана, NEGE. Комиссияның негізгі міндеті – жоспарланған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, бюджеттік тәуекелдерді азайту және бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу. Осы мақсатта бағдарламаның жоспарлау мен қаржы бөлуден бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алулардың мерзімі, құны мен заңдылығына мониторинг жүргізіліп, комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Президентке тоқсан сайын және жыл сайын есеп ұсынылады.
Комиссияның жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палата белгіленді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және бизнес өкілдері енгізілді.
Бұл шешімнің саяси және қоғамдық маңызы, жаңа бақылау тетігінің мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы туралы саясаттанушы Жансая Нұралиевамен сұхбаттастық.
«Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаржыны жай ғана сақтап отырмай, ел экономикасы мен халық игілігіне жұмсау қажеттігін атап өткен болатын. Шынында да, өңірлердегі инфрақұрылымның тозуы мен әлеуметтік нысандардың тапшылығы бұл қаражатты шұғыл әрі тиімді айналымға қосуды талап етті. Саяси тұрғыдан алғанда, Ұлттық қор сияқты стратегиялық резервтен қыруар қаржы бөлу билікке үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы тұста арнайы комиссияның құрылуы халық сенімінің азаюы мен бюджет қаражатының талан-таражға түсуі сияқты басты саяси тәуекелдердің алдын алуға бағытталған нақты қадам болмақ», – дейді Жансая Нұралиева.
Саясаттанушының пікірінше, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тек қаржы бөлумен шектелмеуі керек. Мұндай бастамалардың нәтижелі болуы үшін қаражаттың тиімді жұмсалуы, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы және әрбір жобаның сапасы жүйелі бақылауда болуы маңызды. Бұл ретте мемлекеттік комиссияның құрылуы бағдарламаның орындалуына деген жауапкершілікті күшейтетін басқарушылық шешім ретінде бағаланады.
«Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясындағы негізгі түйткілдердің бірі – нысандар құрылысының созылып кетуі, жобалық-сметалық құжаттаманың қайта-қайта қымбаттауы және соңғы нәтижеге деген жауапкершіліктің шашыраңқылығы болатын. Жаңа комиссияның басты ерекшелігі ретінде бақылаудың тек қаржы игерілгеннен кейін емес, жоспарлау мен мемлекеттік сатып алу кезеңінен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейін толық циклді қамтуында болып отыр. Бұл бюджеттік тәуекелдердің алдын алады, нәтижесінде құрылыс ұзаққа созылмайды», – дейді саясаттанушы.
Жаңа бақылау жүйесінің тағы бір ерекшелігі – оның құрамына мемлекеттік органдармен қатар қоғамның әртүрлі өкілдерінің тартылуы. Бұл бағдарламаның жүзеге асырылу барысын кеңінен талқылауға, қоғамдық пікірді ескеруге және қабылданған шешімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, журналистер мен сарапшылардың, өңірлер және бизнес қауымдастық өкілдерінің комиссия құрамына енгізілуі қоғамдық бақылаудың маңызын арттыра түседі.
«Комиссия құрамының жасақталу тәсілі де ерекше назар аудартады. Атқарушы билік өкілдерінен бастап Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдерінің енгізілуі бір жағынан алып қарағанда "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының нақты институционалды көрінісі. Яғни, мемлекет Ұлттық қордан бөлінген әрбір теңгенің жұмсалуын қоғамдық бақылауға ашық ұсынып, қоғам мен билік арасындағы ортақ жауапкершілікті қалыптастырып отыр», – дейді Жансая Нұралиева.
Сарапшы бақылау жүйесінің кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы мен есептіліктің жүйеленуіне де назар аударды. Оның айтуынша, комиссия жұмысының тиімділігі қабылданған шешімдердің нақты орындалуымен және белгіленген міндеттердің жүйелі қадағалануымен өлшенеді.
«Екінші бір маңызды жағы – бақылау бағытының кәсібилендірілуі мен есептіліктің жүйеленуі. Жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палатаның бекітілуі және Президентке тоқсан сайын есеп беру тәртібі саяси шешімдер мен нақты орындаушылық тәртіп арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Бұрын ірі бағдарламалардың нәтижесі жылдар өткен соң ғана бағаланса, енді жоспарлаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі әрбір кезең тікелей бақылауда болады», – дейді маман.
Жалпы алғанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының нәтижесі елдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырумен қатар, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін де айқындайтын маңызды көрсеткішке айналмақ. Жаңа комиссияның жұмысы қаржылық тәртіпті нығайтып, жобалардың сапалы орындалуына және қоғам алдындағы есептіліктің артуына ықпал ете алады.
Бұл ретте бағдарламаның әрбір өңірге нақты пайда әкелуі, тұрғындардың күнделікті өміріне оң өзгерістер енгізуі ерекше мәнге ие. Саясаттанушы да бастаманың ұзақ мерзімді нәтижесіне сенім білдіріп, бағдарламаның қоғамдық маңызын атап өтті.
«"Халықтық құрылыс" бағдарламасының саяси салмағы өте жоғары деп сенемін. Жиналған қаржының нақты нәтижеге айналып, жобалардың табысты жүзеге асуы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартып қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне деген қоғамдық сенімді нығайтудың басты көрсеткішіне айналса құба-құп», – дейді Жансая Нұралиева.
Қорытындылай келе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мемлекеттік комиссияның құрылуы – ауқымды жобаларды жүзеге асырудағы бақылау мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Қоғамдық бақылау, кәсіби аудит және тұрақты есептілік тетіктерінің қатар қолданылуы бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге айналуына негіз қалайды. Ендігі міндет – қабылданған шешімдердің сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың халық игілігіне қызмет етуіне қол жеткізу.