10 октября 2024 г. 18:14

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің 5 жылдағы жетістіктері қандай?

Фото: әлеуметтік желіден

Туризм және спорт министрлігі Халықаралық туризм және меймандостық университетінің 5 жылдағы жетістіктерін жариялады.

Түркістан, NEGE. Білім

Триместрлік оқу жүйесі:

Университет Қазақстандағы туризм индустриясына кадр даярлайтын мамандандырылған жалғыз жоғары оқу орны. Триместрлік жүйені енгізу арқылы бакалавриат мерзімін үш жылға қысқартты.

Дуалды оқу:

Университеттің білім беру жүйесіндегі негізгі қағидасының бірі – практикалық даярлауға бағытталған дуалды оқу жүйесі. 2023-2024 оқу жылында 247 студент Rixos Dubai қонақ үйін қоса есептегенде 66 өндірістік алаңда тәжірибеден өтті.

Халықаралық тағылымдама:

2021 жылдан бастап 58 студент Түркияда тағылымдамадан өтті;

2021 жылы – 29 студент (ABU TELP бағдарламасы);

2022 жылы – 7 студент (ABU TELP бағдарламасы);

2024 жылы – 22 студент (Анталиядағы Kemer Holiday Club қонақ үйінде тағылымдамадан өтті).

Ғылым

Ғылыми-зерттеу орталығы:

2023 жылы университет құрылымында ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істей бастады. Орталық базасында ЖОО туризм саласында қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобаны іске асырады.

Университет туризм саласындағы стандарттарды әзірлеп, жаңартып отырады. 2024 жылы ЖОО алты жаңа кәсіби стандартты әзірлеп, қолданыстағы 33 стандартты толықтырып, екі салалық біліктілік циклін дайындады.

Халықаралық ынтымақтастық

БҰҰ ДСҰ-ға мүшелік (UN Tourism):

Университет 2021 жылдан бері Қазақстандағы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) бірыңғай бекітілген мүшесі. Мүшелік университетке AMConnected интерактивті платформалары мен UN Tourism E-Library кітапханасы сияқты ерекше ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Түркияда танылу

Университетті Түркия Республикасының Жоғары білім беру кеңесі (YÖK) ресми түрде мойындады. Бұл оқу орнына дипломның (05.10.2023 ж. танылған) және біліктіліктің Түркия аумағында ресми танылуын, мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Халықаралық туризм және меймандостық университеті 2024 жылдың 20 мамырында Бакуде өткен Түркі кеңесінің 7-ші Бас Ассамблеясында Түркі университеттері одағына мүше болды. Бұл мүшелік ЖОО-ға түркі елдерінің жетекші университеттерімен берік байланыс орнатуға жол ашады.

Институционалдық даму

Әскери кафедра:

2023 жылы университетте білім алушыларға әскери білім беріп, олардың әскери-патриоттық тәрбиесін арттыру мақсатында әскери кафедра ашылды. Мұнда бес мамандық бойынша дайындық жүргізіледі.

«ДанияМед» медициналық орталығы:

Студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның медициналық қызметтерді пайдалану мақсатында университет «ДанияМед» медициналық орталығын ашу бойынша алғашқы инвестициялық жобаны іске асырды.

IDP IELTS орталығы:

Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Түркістандағы алғашқы IDP IELTS тестілеу орталығы ашылды. Бұл басқа қалаларға бармай-ақ тестілеуден өтуге мүмкіндік береді.