Халықаралық олимпиадада жеңіске жеткен оқушылар 6,5 млн теңгедей сыйақы алады
Оқу-ағарту министрлігі халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың педагогтарына біржолғы сыйақы төлеу тәртібін жаңартты.
Астана, NEGE. Жаңа редакцияға сәйкес, төлемдерді тағайындайтын орган ретінде Оқу-ағарту министрлігі белгіленді. Төлемді тек Қазақстан азаматтары ала алады.
Сыйақы алуға үміткерлер – жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының қатысушылары және олардың жетекші педагогтары.
Төлем мөлшері бұрынғыдай сақталған және жетістік деңгейіне қарай белгіленген:
- I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерлері 1500 АЕК алады – биыл 6 487 500 теңге;
- II дәрежелі диплом мен күміс медаль үшін 1000 АЕК – биыл 4 325 000 теңге;
- III дәрежелі диплом және қола медаль үшін 500 АЕК – биыл 2 162 500 теңге.
Халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары үшін де жеке төлем белгіленген – I дәрежелі диплом мен алтын медаль үшін 1500 АЕК – биыл 6 487 500 теңге.
Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтар да сыйақы алады. Оның мөлшері базалық лауазымдық жалақыға байланысты есептеледі:
- алтын медаль алған оқушылар үшін – базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде;
- күміс жүлдегерлер үшін – базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде;
- қола жүлдегерлер үшін – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде.
Мұндай төлем ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын дайындаған педагогтарға да қарастырылған.
Сыйақы жеке сипатта беріледі, тек ағымдағы жылғы жетістіктер үшін тағайындалады және бір жыл ішінде қайта берілмейді.
Бұйрық 21 сәуірден бастап күшіне енеді.