Халық кеңесін құруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінбек: қаражат қайда жұмсалады?

Қазақстан Халық кеңесін құруға 2027 жылы республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылған. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы жаңа құрылған органға бөлінетін қаржы нақты қандай мақсаттарға жұмсалатынын түсіндірді.

gov.kz

Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, 1,7 миллиард теңге – Халық кеңесінің бір жылдық жұмыс бюджеті. Вице-министр бұл қаражат тек жалақыға жұмсалмайтынын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Халық кеңесі өз ішінде ғана іс-шаралар өткізіп қоймай, халықпен де кездесулер өткізеді. Кездесулер, түрлі форумдар, сессиялар ұйымдастырылады. Іссапар шығындары да бар. Сонымен қатар қоғамдық тыңдаулар өткізіледі», – деп түсіндірді Бейсенбекұлы Құрылтай брифингінде.

Оның сөзінше, қаражаттың бір бөлігі ақпараттық жүйеге және Халық кеңесінің жұмысына байланысты басқа да шығындарға жұмсалады. 

Брифинг барысында журналистер Кеңес мүшелері қанша жалақы алатынын нақтылауды сұрады.

«Барлығы жалақыны бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес алады. Ал жүйе қызметтік пайдалану үшін арналған, сондықтан кім қанша алатынын  егжей-тегжейлі жариялауға болмайды. Сондықтан кім қанша алатынын айтуға шектеу қойылған», – деп жауап берді қаржы вице-министрі.

Еске салсақ, бүгін Құрылтайда өткен брифингте ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2030 жылға қарай Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға жеткізу жоспары не себепті кешеуілдеуі мүмкін екенін түсіндірді.