Хабиб Нурмагомедов: Головкин бірнеше блогерді төмпештеу керек

UFC чемпионы, дағыстандық Хабиб Нурмагомедов Қазақстанға келді. Жанкүйерлерге арнап арнайы баспасөз жиынын өткізген спортшы Геннадий Головкиннің спорттағы мансабы жайлы пікір білдірді.

Алматы, NEGE. «Генамен жеке таныспын, бір рет кездестік. Әлемдік деңгейдегі боксшы ғой карьерасын бақылап жүремін. Тағы бір жекпе-жекке шығып, өмір бойына жететін ақша тауып мансабын аяқтағаны дұрыс. Бұл менің жеке кеңесім. Өйткені 35 жастан асқаннан кейін мұндай спорт түрімен, әсіресе жеңіл салмақта өте қиын. Оның отбасы бар, бала-шағасы, бизнесі дегендей. Өмірі әлі алда. Бокс – ММА-ға қарағанда қауіпті спорт. Ережесіз жекпе-жекте буын ауруына кезіксең, бокста бастан зақым алуың мүмкін. Дұрысы бірнеше блогерді төмпештеп ақша тауып алу, мен оның орнында болсам сөйтер едім. Қазір Канело секілді жас арыстандармен бокстасудың қажеті шамалы», – деді Хабиб.  

18 маусымда Алматыда бұрынғы жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов негізін қалаған Eagle Fighting Championship лигасы ұйымдастырған EFC 37 турнирі өтеді. Хабиб аталған кештің арнайы қонағы.

Бұл турнирде бес қазақстандық файтер өнер көрсетеді:

Виталий Радионов (Қазақстан, дебют) - Шамиль Магомедов (Ресей, дебют)
Исатай Теміров (Қазақстан, 9-3-1) - Денис Измоденов (Ресей, 9-8-2)
Санжар Әділов (Қазақстан, 6-1-1) - Ильмиямин Джаватов (Ресей, 6-2)
Дияр Нұрғожай (Қазақстан, 5-0) - Вадим Литвин (Беларусь, 4-2)
Жасұлан Әкімжан (Қазақстан, 6-2) - Роман Авдал (Ресей, 15-9)

Кештің басты жекпе-жегінде ресейлік файтер Шамиль Завуров (39-6-1) мен бразилиялық Рикардо Тирлони (22-8) жұдырықтасады.

Қазір оқып жатыр

Еңбек министрлігі: Зейнетақы жинақтары кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит емес

Нұрай Серікбайдың қазасы: күдікті жігіт ақыл-есі дұрыс деп танылды

Қазақстан халқының бірлігі күні Алматы облысында қалай тойланады?

Германияда Temu мен Shein кесірінен мыңдаған адам жұмысынан айырылып жатыр