Грузиядағы ірі МӨЗ ресейлік мұнайдан бас тартып, қазақстандық мұнайға көшуде

Грузиядағы Кулеви мұнай өңдеу зауыты шілде айында қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясын қабылдап, өңдеді. Ал қалған көлемін тамыз айында өңдейді.

facebook.com/GeorgianGovernment

Астана, NEGE. Бұл туралы терминалды басқаратын Black Sea Petroleum компаниясының ресми сайты хабарлады.

Зауыт сондай-ақ Ливиядан мұнай қабылдауға дайындалып жатыр. Ливиялық мұнайдың алғашқы партиясы 20-30 тамыз аралығында жеткізілуі керек.

«BSP компаниясы шикізат көздерін әртараптандыру жоспарын іске асыруды жалғастырып, Еуропалық комиссиямен және өзге де тиісті органдармен сындарлы ынтымақтастық орнатады. Сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелерді растайтын нақты әрі тексеруге болатын дәлелдер ұсынады.

...Бұл шаралар мұнай өңдеу зауытының жұмысын үздіксіз әрі тұрақты қамтамасыз ете отырып, ресейлік емес шикізатқа толық көшу процесін бірқалыпты жүргізуге бағытталған».

Балама жеткізілімдерге көшу Еуроодақтың санкцияларды сақтау талаптарына байланысты жүзеге асырылып жатыр. Егер мұнай өңдеу зауыты ресейлік шикізаттан бас тартпаса, 2027 жылғы 25 қаңтардан бастап оған Еуроодақтың 21-санкциялар пакеті аясында шектеу қойылуы мүмкін.