Грузияда оқу жылы әлі басталған жоқ
Грузияның Тбилиси, Кутаиси, Рустави, Гори, Зугдиди және Поти сияқты 6 ірі қаласында оқу жылының басталуы екі аптаға, яғни 1 қазанға дейін қалдырылды.
Алматы, NEGE. Бұл туралы ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін елдің премьер-министрі Георгий Гахария мәлімдеді. «Осы қалалардағы жоғары оқу орындары, сондай-ақ мектептер оқу процесін 1 қазаннан бастайды. Бұл қазіргі тәуекелдерді дұрыс бағалау үшін қажет. Ол үшін эпидемиологтар мен біздерге екі апта қажет. Осыдан кейін біз балаларға қатысты қосымша шешімдер қабылдаймыз», – деді Гахария.
Г.Гахария нақтылап өткендей, бұл шектеулер ірі қалалардағы барлық жекеменшік және мемлекеттік оқу орындарына қатысты. 15 қыркүйек – 1 қазан аралығында студенттер мен оқушылар қашықтан оқитын болады. Айта кетсек, бұған дейін оқу жылының басталуы елдегі індет ошағына айналған – Батуми мен Кобулети қалаларында кейінге шегерілген болатын. Грузияда коронавирустың өршуі 1 қыркүйектен бері тұрақты сақталып келеді. Соңғы тәуліктің өзінде коронавирустың жаңадан 87 жағдайы тіркелді. Бұл эпидемия басталғалы рекордты көрсеткіш болып табылады.