Грузияда суррогат ана қызметіне толық тыйым салынуы мүмкін

Грузия билігі суррогат ана қызметін шетелдіктерге де, ел азаматтарына да көрсетуге тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы парламенттік көпшіліктің жетекшісі Ираклий Кирцхалия мәлімдеді.

pixabay.com

Астана, NEGE. Грузияның билік партиясы суррогат ана қызметіне толық тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Ираклий Кирцхалияның айтуынша, бастама Грузин православие шіркеуімен талқыланды.

«Бұл шешімнің басты себебі – суррогат ана қызметіне байланысты елеулі этикалық және құқықтық тәуекелдер», – деді Кирцхалия.

Грузиялық BMG басылымының мәліметінше, Ираклий Кирцхалия суррогат ана қызметіне жүгінетіндердің 98 пайызы шетелдіктер екенін айтқан. Оның сөзінше, балалар шетелге кеткеннен кейін Грузия билігі олардың одан арғы тағдырын бақылай алмайды.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметі тек Грузия азаматтарына қолжетімді болуы мүмкін.

Сонымен қатар тыйымды айналып өтуге әрекет жасағандарға қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр. Пакетті парламентте үш оқылым бойынша қарау жоспарланған.

Қазір Грузияның «Денсаулық сақтау туралы» заңнамасы суррогат ана қызметіне рұқсат береді. Атап айтқанда, әйелдің жатыры болмаған жағдайда және ерлі-зайыптылардың жазбаша келісімімен эмбрионды суррогат ананың жатырына орналастыруға болады. Бала дүниеге келгеннен кейін заңды ата-ана ретінде келісім берген жұп танылады.

Еске салайық, биыл шілде айында Қазақстанда да суррогат ана қызметіне қатысты жаңа заң қабылданды. Жаңа өзгерістер бойынша енді бұл қызметке тек Қазақстан Республикасының некеде тұрған азаматтары ғана тапсырыс бере алады.