Грузия алғаш рет Қазақстаннан 3,2 млн долларға мұнай сатып алды

Шілде айында Грузия алғаш рет Қазақстаннан 3,2 млн долларға 5,5 мың тонна мұнай импорттады. Импортталған мұнайдың әр тоннасы шамамен 582 доллардан бағаланған.

pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде елдің Ұлттық статистикалық комитеті келтірген деректе айтылған.

Шілдеде Грузия Ресейден 87,4 мың тонна мұнайды 36,4 млн долларға сатып алған. Ресей мұнайының орташа бағасы тоннасына шамамен 416 доллар болған. Бұл Қазақстан мұнайынан 166 долларға арзан.

Қазақстан мұнайы Ресейден жеткізілетін өнімнің баламасы болуы мүмкін. 2027 жылғы 25 қаңтардан бастап Грузиядағы жалғыз мұнай өңдеу зауыты – Кулевиде орналасқан кәсіпорын Еуроодақ санкцияларының 21-пакетіне ілікпеу үшін Ресей мұнайын өңдеуден бас тартуы тиіс. Сонымен қатар зауыт шикізаттың өзге де көздерін қарастырып жатыр. Тамыз айында Ливиядан мұнай импорттау жоспарланған.

Бұған дейін Грузияның Қазақстан мен Түрікменстаннан мұнай жеткізуге қызығушылық танытқаны хабарланған.