«Грекияда 125 жылға сотталды»: Ақтөбелік ана СІМ-нен көмек сұрады

Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отырған 24 жастағы ұлы Рашид Қадыровтың ісіне назар аударып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек көрсетуді сұрады. Бұл туралы «Ақтөбе Таймс» хабарлады.

Рашид Қадыровтың суреті «Ақтөбе Таймс» сайтынан алынды, коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Астана, NEGE. Әйелдің айтуынша, ұлы Instagram желісінен Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыру көрген. Жұмыс ұсынғандар оның туристерді моторлы қайықпен серуендететінін айтқан. Алайда кейін Рашидтің заңсыз көшіп келушілерді Грекияға тасымалдауға тартылғаны белгілі болған.

Нұрхан Қадырова ұлының шет тілін білмегенін, ал тергеу кезінде оған аудармашы берілмегенін айтады. Оның сөзінше, Рашидке құжаттарға қол қоймаса, жазасы ауырлайтынын айтып, қысым көрсеткен.

«Қазір оған 125 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, теңгеге шаққанда шамамен бір миллиард теңге көлемінде ірі айыппұл салынды. Ол әлі жас, ақша тапқысы келген еді, бірақ осындай қиын жағдайға тап болды», – дейді Нұрхан Қадырова.

Анасы ұлының адамдарды заңсыз тасымалдауды ұйымдастырмағанын, тек үйлестірушінің нұсқауларын орындағанын айтады.

«Қайықтар басқа адамдарға тиесілі болған. Рашид ештеңені ұйымдастырған да, бақылаған да жоқ. Оны жай ғана пайдаланып кетті деп есептеймін», – дейді ол.

Отбасы дипломатиялық өкілдіктерге бірнеше рет хабарласып, орыс тілін білетін адвокат табуға көмектесуді сұраған. Қазір Рашид екінші сот отырысын күтіп отыр. Туыстары оны елге қайтаруға көмек көрсетілуін қалайды.