Гонконгтан 120 студент қайтып келді
Гонконгта өтіп жатқан наразылық шерулерінің кесірінен 120 студент оқуларынан қол үзіп, елге оралды. ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, бұл жайлы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеген.
Алматы, NEGE. «Гонконгтің бірқатар оқу орындары дәрістерін тоқтатып, екінші семестрден, яғни 2020 жылдың қаңтарынан бастап қашықтан оқытуға көшетін болды. Сонда білім алып жүрген қазақстандық студенттер де бар. Осыған орай, ҚР СІМ-і Гонконгта оқып жатқан барлық студенттерді Қазақстанға қайтуға шақырып отыр. Еліміздің Бас консульдігі, Гонконгтегі Қазақстан студенттерінің Қауымдастығымен бірлесе отырып, студенттерімізді жинап, әуежайға әкелу жұмысын ұйымдастырды. Бүгінгі күні 118 студент елге оралды. Жақын арада тағы да 40 студентті қайтару жоспарланып отыр», – деп хабарлады Смадияров.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі Қзақстан азаматтарын тыныштық орнағанға дейін Гонконгқа бармауға шақырады.