Головкиннің қолғаптарын 10 млн теңгеге сатып алған бизнесвуменге қатысты іс қозғалды

Бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншали аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Мөлдір Суюншалидің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Суюншали «Nura Elite» коттедж қалашығын саламыз деп азаматтардан қаражат тартқан. Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда бүгінгі күні таунхаустар толық аяқталмаған, тек қаңқалары ғана тұр. 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін аяқтау туралы міндеттемелер орындалмаған.

Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалғаны айтылып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 56 адам жәбірленуші ретінде танылған, ал тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Суюншалидің, оның жұбайы мен анасының банк есепшоттарына аударылғаны, сондай-ақ 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылғаны тексеріліп жатыр.

Тергеу мәліметінше, бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату деректері де анықталған. Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждердің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Суюншали сатып алушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан. Алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмағаны айтылып отыр.

Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласындағы «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалғаны да тексеріліп жатыр.

«Сонымен қатар, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдегені айтылып отыр. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған», – деп атап өтті ҚМА.

Соттың санкциясымен оған «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Еске салайық, 2021 жылы Перизат Қайрат ұйымдастырған қайырымдылық кеште Мөлдір Сүйіншәли Геннадий Головкиннің бокс қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алған еді.

Қазір оқып жатыр

Әлемдегі жанармай дағдарысы: Қазақстан рейстерді қысқарта ма?

Министрлік Aitu қосымшасына қатысты «накруткаға» бақылау жасамайды

«Кресло», «жалюзи», «комодқа» қазақша атау тапқанға ақша беріледі

Қазақстан Германияға мұнай жеткізу бағытын өзгертті