7 октября 2024 г. 17:40

Германияда кісі қолынан қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткен енесіне қатысты тың ақпарат шықты

Фото: ғаламтордан

Тергеу амалдары барысында қайтыс болған Айгүл Сайлыбаеваның енесі шетелде жүргені анықталды, деп хабарлады Kazinform.

Алматы, NEGE. Германия прокуратурасы пікір білдірді. 

«Тергеу амалдары жалғасып жатыр және қосымша айғақтарға талдау жасау қажет. Бұл ретте, қазір тергеу аяқталмайды. Сонымен қатар, қамауға алынған күдіктілер жоқ. Марқұмның (А. Сайлыбаеваның) енесі қазір шетелде болуы мүмкін деген мәлімет бар. Күйеуі мен баласының қайда жүргенін анықтау тергеу амалдарында қарастырылмаған, сондықтан біз бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймыз», - деп атап өтті прокуратура өкілі Йенс Нойбауэр.

Еске сала кетейік, азаптап өлтірілген экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті Германиядан табылған болатын.

Бұған дейін 40 жастағы А.Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарса, соңғы уақытта Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.

4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды.

Немістің BILD басылымының хабарлауынша, әйелдің мәйіті полиэтилен қапқа салынған, өлім алдында азап көрген. Айгүл Сайлыбаеваның қолынан, мойнынан және бетінен пышақ жарақаты табылды.

А.Сайлыбаевамен бір мезгілде Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан үйіне алып келген. Содан бері оны ешкім көрмеген.