25 декабря 2025 г. 13:31

Германиядағы қазақстандық экс-судьяның өлімі: күдіктілер ұсталды

Фото: ғаламтордан

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Мәскеуде ұсталды. Қазір оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Астана, NEGE. Марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаевтың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, күдіктілер Мәскеуде ұсталған.

«Марқұмның күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцова құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қазіргі уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда дипломатиялық кедергілер мен бірнеше азаматтығының болуы бұл үдерісті созып жіберуі мүмкін», – дейді Сайлыбаев.

_s_kanat_

Nege.kz редакциясы бұл деректі анықтау үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. 

Еске салсақ, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың маусым айының басында Германияда жоғалғаны хабарланған еді. Ол сол кезде Бенсхайм қаласында отбасымен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін байланысқа шықпаған.

Араға он екі күн салып, 16 маусымда әйелдің мәйіті қала шетіндегі Эрлаче карьерінен қапқа салынған күйде табылды. Тергеу барысында марқұмның өлер алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі күдікке ілініп, оларға халықаралық іздеу жарияланған болатын.