Германияда Temu мен Shein кесірінен мыңдаған адам жұмысынан айырылып жатыр

Германияда қытайлық Temu және Shein маркетплейстерінің әділетсіз бәсекесі салдарынан мыңдаған адам жұмысынан айырылу қаупінде тұр.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Жуырда Германияның бөлшек сауда федерациясының (HDE) тапсырысымен дайындалған есепке сәйкес, 40 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Күн сайын Германияға Temu мен Shein арқылы шамамен 460 мыңға жуық арзан тауарлар салынған сәлемдеме жеткізіледі. Бұл өнімдердің көпшілігі Еуроодақта белгіленген сапа және қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Ал неміс өндірушілерінің тауарлары ЕО стандарттарына толық сәйкес болуы тиіс, соның салдарынан олардың өзіндік құны жоғарырақ болады. Нәтижесінде отандық кәсіпкерлер клиенттерінен айырылып жатыр.

Сол зерттеуге сәйкес, Германия экономикасы жыл сайын шамамен 2,4 миллиард еуро көлемінде қосылған құн жоғалтады. Оның 1,3 миллиард еуросы бөлшек сауда секторына тиесілі.

HDE президенті Александр фон Прееннің айтуынша, жағдай анық:

«Көп уәделер берілгенімен, саясаткерлер бұл мәселе бойынша әлі нақты нәтиже көрсеткен жоқ. Temu мен Shein заң талаптарын жиі елемейді, нарыққа кейде денсаулыққа қауіпті тауарларды шығарады және көптеген жергілікті саудагерлерді банкроттық шегіне жеткізуде. Ал отандық кәсіпкерлер қатаң бақылауда болып, барлық заң мен салық талаптарын орындайды».

Мұндай заңбұзушылықтардың салдары айқын: есепке сәйкес, Temu мен Shein салдарынан жергілікті бюджеттер жыл сайын шамамен 429 миллион еуро салық түсімінен қағылады. Бұдан бөлек, әділетсіз бәсеке мен қаржылық шығындар өндіріс пен сатылым көлемінің қысқаруына әкеледі, ал бұл өз кезегінде жұмыс орындарының азаюына себеп болады. Болжам бойынша, осы факторлардың нәтижесінде Германияда 40 мыңға жуық жұмыс орны қысқарады, оның ішінде 28 300-і бөлшек сауда саласында.

Фон Преен бұл жағдайдың күрделі екенін атап өтті:

«Temu мен Shein тарапынан талаптардың жүйелі түрде бұзылуы бөлшек саудаға да, жалпы Германия экономикасына да үлкен зиян келтіріп отыр. Егер саясаткерлер ұзақ жылдар бойы әрекетсіздіктен кейін нақты әрі қатаң шаралар қабылдамаса, Германияның бизнес жүргізуге қолайлы ел ретіндегі болашағы күмәнді болады. Бәсеке қажет, бірақ ол әділ болуы тиіс».

Неміс өндірушілері мен кәсіпкерлері үкіметті Temu мен Shein арқылы келетін тауарлардың сапасына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ ЕО талаптарын бұзған шетелдік сатушыларға санкция қолдануға шақырып отыр.

Айта кетейік, ұқсас жағдай Оңтүстік Африка Республикасында да байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары бөлшек сауда саласындағы жұмыссыздықтың күрт өскенін хабарлаған. Сарапшылар мұны да Temu мен Shein сияқты қытайлық маркетплейстердің экспансиясымен байланыстырады.

Бұған дейін қазақстандық сарапшылар да Temu-дың қарқынды кеңеюі ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. Арзан әрі сапасы төмен тауарлардың ағымы нарықта тең емес, әділетсіз бәсеке туғызады.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда шетелдік маркетплейстердің жергілікті бизнеске қарағанда артықшылыққа ие екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар тек қосылған құн салығы түріндегі «Google салығымен» шектеледі, ал отандық компаниялар толық көлемде барлық салықтарды төлейді.

Қазір оқып жатыр

Sulpak негізін қалаушының қызы компания үлесіне қатысты даулы мәселе көтерді

Еңбек министрлігі: Зейнетақы жинақтары кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит емес

Нұрай Серікбайдың қазасы: күдікті жігіт ақыл-есі дұрыс деп танылды

Қазақстан халқының бірлігі күні Алматы облысында қалай тойланады?