Германияда қаза тапқан экс-судьяның анасы үндеу жасады
Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, күдіктілерді Ресейден экстрадициялауды жеделдетуді өтінді.
Астана, NEGE. Шолпан Батқалованың айтуынша, қызының өліміне қатысы бар адамдар Ресей аумағында жасырынып жүргендіктен, тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр.
«Айгүлдің денесі тек 13 күннен кейін көлден табылды. Денесінде 30-дан астам пышақ жарақаты болды. Неміс полициясы оның денесі табылардан екі сағат бұрын ғана көлге әкелінгенін анықтады. Сонымен қатар Айгүлдің енесі Наталья Донцоваға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылды. Мұндай тұжырымға Александр Донцовтың ұялы телефонының сигналы Айгүлдің денесі табылған көлдің маңында екі сағат бұрын ғана тіркелгені негіз болды. Айгүлдің денесін көлге әкеліп тастауға, менің пайымдауымша, оның туысы В. көмектесті», – деді ашынған ана.
Еске салсақ, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың маусым айының басында Германияда жоғалғаны хабарланған еді. Ол сол кезде Бенсхайм қаласында отбасымен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін байланысқа шықпаған.
16 маусымда әйелдің мәйіті қала шетіндегі Эрлаче карьерінен қапқа салынған күйде табылды. Тергеу барысында марқұмның өлер алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі күдікке ілініп, оларға халықаралық іздеу жарияланған болатын.