Германияда 400 жолаушысы бар пойыз туннельде бірнеше сағатқа тоқтап қалды
Австрияның Вена қаласынан Гамбургке бағыт алған Deutsche Bahn компаниясының пойызы Германиядағы туннель ішінде бірнеше сағат бойы тоқтап қалды, деп хабарлайды DW.
АЛМАТЫ, NEGE. Оқиға пойыз туннельден өтіп бара жатқан сәтте электр қуатының кенеттен өшуінен болған. Салдарынан шамамен 400 жолаушы жарықсыз қалған вагондарда ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болды.
Техникалық ақауға байланысты пойызды сүйреп шығару мүмкін болмағандықтан, жолаушыларды басқа пойызға көшіру туралы шешім қабылданды. Алайда кейбір жолаушылар қауіпсіздік талаптарын елемей, өз бетімен вагондардан шыққан.
Осы себепті құтқару операциясы кешігіп, туннельге қайта электр қуатын беру алдында оны толық тексеруге тура келген. Құтқару жұмыстарына арнайы қызмет мамандары көптеп тартылды.
Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.