«Ғарышкер ме, әлде браконьер ме?». Тоқтар Әубәкіров жауап берді
Қоғам белсендісі, кәсіпкер әрі аңшы Батыр Сейкенов кеше әлеуметтік желідегі парақшасына пост жазып, «Тоқтар Әубәкіров ғарышкер ме әлде браконьер ме?» деген сұрақты төтесінен қойды.
Ол былай деп жазды: «Шенеуніктер жексенбі күні де ұйықтатпайды. Таңғы сағат 9-да Қостанай облысы шенеуніктерінің бірі хабарласып, ұлы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров менің аңшылық шаруашылығымда қасқыр аулағысы келетінін мақтана жеткізді.
Әрине, аңыз адамның қолын алу – әркімнің-ақ арманы. Қазақтың тұңғыш ғарышкері үшін біздің еліміз қалай қуанғаны есте. Ұшқышымыз Тоқтар Әубәкіровтің СССР тарихында тұңғыш рет ұшақты кемеге қалай қондырғанын, тіпті америкалықтар да біздің қаһарманға қол соққанын бір-бірімізге жалықпай әңгімелейтінбіз.
Бірде аңыз адаммен бірге аңшылық жасау бақыты да бұйырды. Мен оған құрметпен қараймын. Алайда аңшылыққа, табиғатты қорғауға деген біздің көзқарасымыз әр түрлі. Немерем супер ұшқыш және супер қаһарман Тоқтарға ұқсағанын қалаймын, бірақ табиғатқа көзқарасы жағынан ұқсамай-ақ қойсын.
«Жоқ, аңшылық жасамайды» деген жауабым қостанайлық шенеуніктің төбесінен жай түсіргендей болды.
Одан әрі мен оған аңшылық маусымы 15 ақпанда жабылғанын және қасқырдың санын көбейту үшін 2 жылға қасқыр аулауды тоқтатқанымды түсіндірдім.
Наурызда қасқырдың қаншығының ішінде күшігі бар екенін, қаркешкімен (снегоход) жүру бөкен, елік, қабан сияқты аңдарды шошытатынын да ескерттім. Оның үстіне биыл қыс қатты болып, жануарлар көп зардап шекті.
Бірнеше жыл бұрын дәл осындай жағдайда Тоқтар Әубәкіровпен арамызда кикілжің болған. Ол кезде маған қарасты аумақта тегін әрі қалай болса солай аңшылық жасау мүмкін емес екенін түсінгендей болған.
Бұл жолы Тоқтар Әубәкіров өзінің компаниясымен «Алтын Дала» резерваты аумағына тоқтап, аңшылық жасап жүргені белгілі болды. Тұңғыш ғарышкер деген мәртебе браконьерлік жасауға мүмкіндік береді деп ойласа керек. Оның үстіне қолында еліміздің барлық аумағында аңшылық жасауға болатыны жөнінде премьер-министрдің рұқсаты бар екенін мәлімдепті.
Заң бойынша, қорықтар мен резерваттарда және ерекше қорғалатын аумақтарда аңшылық жасауға тыйым салынады. Ал ол маған қарасты аумақтың шекарасында – «Алтын Дала» резерватында браконьерлік орнын белгілеп алған».
Кәсіпкер Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбековке жағдайды баяндағанын, осыдан кейін резерваттың қорықшылары белсенді іс-әрекетке көшкен түр жасағанын айтады.
Бұдан әрі Б.Сейкенов бүй дейді: «Ең сорақысы сол, мұндай адамдардың аңшылық жасауына рұқсат бермесең, олар мәселені басқалай шешуге тырысады, байланыстарын қосады, күштік құрылымдар арқылы қысым жасауға көшеді, соңында маған кедергі жасайды.
Шағым айтпаймын, жылап-сықтамаймын. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке сұрағым бар: Полиция мен инспекция қайда қарап отыр? Министр М.Мырзағалиевке де сұрақ: Атақты ғарышкердің ерекше қорғалатын аумақтарда аңшылық жасауға рұқсаты бар ма?».
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ыбраева Б.Сейкеновтің сұрағына өз парақшасында жауап берді.
«Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватының аумағында Тоқтар Әубәкіровтың аң аулауы туралы әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратқа қатысты.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлағандай, биыл Тоқтар Әубәкіров «саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін (қасқыр) алу» қызметін алуға 3 рет өтінім берген. Барлық өтінімдерге дәлелді бас тарту берілді. Сондықтан, өтініш иесіне бұл аумақта аң аулауға рұқсат берілмеген.
Браконьерлік фактілері туралы хабарланғаннан кейін резерватта мобильді топ құрылды, онда рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі уақытта бөтен адамдар байқалмаған, бірақ резерват аумағынан кіру және шығу іздері табылды.
Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Айта кетейік, «Алтын дала» резерваты ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылады және бұл жерде аң аулауға заңмен тыйым салынған. Сондықтан мұндай аумақтардағы аң аулау әрекеттерінің кез-келген көрінісі браконьерлік іс болып саналады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес ЕҚТА- ға заңсыз аң аулағаны үшін ең жоғарғы жаза – мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру».
Тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіров кәсіпкер Б.Сейкеновтің айытпауына жауап берді.
Тоқтар Әубәкіров: Аң аулау үшін барған жоқпын
«Менің жасым 75-те, Қостанай облысының Торғай ауылындағы бір кездері жастық шағым өткен жерді көруге келдім. Коронавирусқа байланысты соңғы уақытта үйден шықпадым. Жағдай қиын болды. Көптеген таныстарым осы аурудан көз жұмды. Торғайға ұлым екеуміз келдік. Өйткені бұл жердің табиғаты тамаша.
Далада нақты шекара жоқ. Ауыл біткен жерден аңшылық шаруашылық аумағы басталады. Мен аң аулауға келгенім жоқ. Алдымен аудан әкіміне кірдім, қарусыз келгенімді айттым. Осы кезде мені бір жігіттер күтіп тұрыпты, олар Батыр Сейкеновпен жұмыс істейтін болса керек. «Не себепті қарусыз жүрсіз?» дейді. Мен оларға қазір аңшылық жасауға болмайтынын айттым. Сенбесе керек, біз ас ішіп шыққанда тағы келді. Олар біздің далаға қалайша қарусыз шыққанымызды түсінбеді.
Мен неден қорқамын? Қасқыр шабуыл жасамайды, қаркешкінің дауысынан қабан да жоламайды.
Екі тәулік қаркешкімен серуендеп, сәрсенбі күні Нұр-Сұлтанға келдім.
«Менің оған (Б.Сейкеновке – ред.) көзқарасым әлі де жақсы, әлде одан біреулер мен туралы жазуды сұрады ма? Адами қарым-қатынас, тазалық деген қайда?», – депті ғарышкер Т.Әубәкіров Tengrinews.kz тілшісіне.