Ғалымжан Елшібай «Сөз зергері» сыйлығын алды
Елорда төрінде «AMANAT» партиясының «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ-2022» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Алматы, NEGE. Айта кетейік, биыл ұлт ұстазы атанған алып тұлға, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі болған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осы атаулы дата биыл «AMANAT» партиясының «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ-2022» республикалық байқауында да ескерілді.
Партия журналистиканың әр саласындағы үздіктерді анықтаудан бөлек Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығын, сонымен бірге Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын енгізді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығына белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай лайықты деп танылды.
Сыйлықты Мәжіліс депутаты, танымал журналист Жанарбек Әшімжан салтанатты жағдайда табыс етті. Өз кезегінде Ғалымжан Елшібай салтанатты кешке жиналған БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.