Ғалымдар Трампқа НЕГЕ қарсы?
NEGE.KZ
үшін АҚШ-тан Ербол Молдажан
Трампқа қарсы жарияланған импичментті анықтау барысында жаңа сыни кезең басталды. Бұл жиынға құқықтанушы ғалымдар шақырылып, олардың пікірлері тыңдалды.
Сот комитеті құрған жиында демократтар тарапынан 3 ғалым (Солтүстік Каролина университеті ғалымы Майкл Дж.Герхардт, Гарвард университеті ғалымы Ноа Фельдман және Стэнфорд университеті профессоры Памела С.Карлан) және республикалық комитеттен Джордж Вашингтон университетінің профессоры Джонатан Терли баяндамасын таныстырып, өз қарарларын ұсынды.
Демократтар тарапы Трампты «Украинаға қысым көрсету арқылы қызметін асыра пайдаланды» дейді. Герхардт «Егер ол (Д.Трамп – ред.) бұл ісін қазір тоқтатпаса, келер жылғы сайлауда сыртқы кедергілерді өз қолымен жасап алатын болады» десе, Карлан: «Тарихи тәжірибеге сүйенсек, шетелдік көшбасшыны қаруландыру деген саясат емес, басқа нәрсе» деп ой түйеді. Ал Фельдман Трамптың өткен әрекетіне неге қарсы екенін былай түсіндірді: «Қызметін бас пайдасына қолданған президент жауапқа тартылмаса, онда біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз».
Республикалықтар тарапынан сөз алған профессор Терли бұл айтылғандар президентті орнынан алуға бағытталғанын және бұл әрекет Конституциялық тұрғыда қате екенін алға тартты. «Импичмент жариялауға нақты әрі үлкен дәйек керек, ал қарсы тараптың айтқандары ақылға қонымсыз» деді. Алайда ол Трамптың жақтасы емес екенін сөз басында баса айтты.
Ал енді бұған АҚШ президенті Дональд Трамп не дейді? Лондонда өткен Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымының (НАТО) саммитінде ол өзіне қатысты жарияланып жатқан импичмент аясындағы тексерістерді демократтардың келер жылғы сайлау алдында «саяси ұпай жинау үшін ойлап тапқан өтірігі» деп мәлімдеді.