«Ғалымдар жаппай қуылды» деген ақпарат шындыққа жанаса ма? Ясауи университеті жауап берді

Facebook желісінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бір күнде зейнет жасына толуына байланысты 108 профессор, доктор, доцент, кандидат, аға оқытушы және оқытушы жұмыстан шығарылды деген ақпарат тарады. Университет бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

ayu.edu.kz

Астана, NEGE. Әлеуметтік желідегі жазбаны Маргарита Өмірбекова есімді қолданушы жариялаған. Ол ректордың бір күн ішінде 108 маманды жұмыстан шығарғанын жазып, бұйрықтың көшірмесін де көрсеткен. Құжатқа 2024 жылдың шілде айында қол қойылғаны көрінеді.

Жазбада профессор Мұхтар Қожа және басқа да ғалымдар университеттен шығарылғаны айтылған.

Алайда Мұхтар Қожа өзіне қатысты бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Археология ғылыми-зерттеу институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүр.

«Жұмыстан босаған жоқпын. Бұл фотодағы бұйрық 2024 жылғы Тарих кафедрасындағы қосалқы жұмысыма қатысты. Қосалқы жұмыс болған соң жылда маман ретінде студенттерге дәріс оқуға шартпен кафедраға қабылданамыз», – деп түсіндірді ол.

Осы жағдайға байланысты NEGE редакциясы университеттің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Оқу орнының хабарлауынша, «университетте бір күнде 108 профессор, доцент және оқытушы жұмыстан шығарылды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Университеттің мәліметінше, тізімде көрсетілген қызметкерлердің басым бөлігі қазір де оқу орнында жұмысын жалғастырып отыр. Олармен жаңа еңбек шарттары жасалған немесе бұрынғы шарттарының мерзімі ұзартылған.

Оқу орны бұл жағдайды Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 5-тармағымен түсіндірді. Аталған нормаға сәйкес, зейнет жасына жеткен, кәсіби деңгейі мен біліктілігі жоғары қызметкерлермен еңбек шарты олардың еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып жыл сайын ұзартылуы мүмкін.

«Сондықтан еңбек шартының аяқталуы мен жаңадан жасалуы еңбек қатынастарының тоқтатылғанын немесе қызметкердің жұмыстан шығарылғанын білдірмейді», – делінген университет мәлімдемесінде.

Университет әлеуметтік желіде тараған «жаппай жұмыстан шығару» туралы ақпарат шынайы жағдайды бұрмалап отыр деп санайды.