Ғалым Әшімов Теміртау қаласы әкімі қызметінен кеткенін мәлімдеді
Теміртауды басқарып келген Ғалым Әшімов қала әкімі ретіндегі қызметін тоқтатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ғалым Әшімовтің қала тұрғындарына арналған мәлімдемесі әкімдіктің Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды.
«Бүгін Теміртау қаласының әкімі ретіндегі жұмысымды аяқтап отырмын. Әрбір теміртаулыққа бейжай қарамағаны, белсенді азаматтық ұстанымы және ашық диалогы үшін ерекше алғысымды білдіремін. Осындай ашық қарым-қатынас нақты мәселелерді көріп, оларды бірлесіп шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік берді», – деп жазды ол.
Алайда ол қызметінен не себепті кететінін ашып айтпаған.
57 жастағы Ғалым Әшімов Теміртау қаласын екі рет басқарған. Алғаш рет бұл лауазымға 2015 жылы тағайындалып, бес жыл қызмет атқарған. Екінші рет 2024 жылғы 18 қыркүйекте осы лауазымға қайта тағайындалды.
Сондай-ақ ол Қаражал қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.