G7 елдері Ресейге қарсы санкцияны күшейтіп, Украинаға қолдауды арттыруға келісті
Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өткен саммитте «Үлкен жетілік» (G7) елдері Ресейдің мұнай және газ саласына қарсы жаңа санкциялар енгізуге келісті. Сондай-ақ G7 Украинаға жаңа қару-жарақ жеткізуге уағдаласты.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде G7 көшбасшыларының қорытынды мәлімдемесінде айтылған.
«Біз Ресейдің соғыс экономикасына қысымды арттыруды міндетімізге аламыз. Осыған байланысты мұнай және газ секторларына қатысты санкцияларды қоса алғанда, шектеу шараларын күшейтеміз», – делінген құжатта.
Мәлімдемеде қазіргі сәттің Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге «оңтайлы» екені атап өтілген. Өйткені мұны АҚШ Президенті Дональд Трамп қолдап отыр әрі Иранмен Ормуз бұғазын ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
«Үлкен жетілік» көшбасшылары «өз бостандығын, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғап жатқан» Украинаны бірауыздан қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
«Біз маңызды инфрақұрылым жүйелері мен мәдени мұра объектілеріне жасалған шабуылдардан зардап шегіп отырған Украина халқымен ынтымақтастығымызды тағы да растаймыз. Украина халқының төзімділігі мен соңғы айларда ұрыс алаңында қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалаймыз және қазіргі уақытта жаңа серпін қалыптасқанын атап өтеміз», – делінген мәлімдемеде.
Осы «жаңа серпінді қолдап, оны жеделдету» мақсатында G7 көшбасшылары Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, зымыранға қарсы құралдарды, алыс қашықтыққа арналған және басқа да қару-жарақтарды жеткізу көлемін арттыруға келісті.
Сондай-ақ олар Украина аумағында әскери өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретін лицензиялар беру мәселесін қарастыруға уағдаласты.
Бұдан бөлек, G7 елдері Украинаға алдағы қыстан аман-есен шығуға көмектесу үшін энергетика саласындағы қолдауын жалғастыратынын мәлімдеді.