Футболдан ұлттық құраманы Грекия мен Арменияның бұрынғы бас бапкері басқаруы мүмкін

Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландтық маман Джон ван ’т Шкиптің кандидатурасын ұсынды.

Қазақстан футбол федерациясы

Астана, NEGE. Сондай-ақ Федерацияның Джон ван ’т Шкиппен ұлттық құраманың бас бапкері ретінде жұмыс істеу туралы келісімге келгені мәлім болды.

«Маманның тағайындалуы федерация жарғысына сәйкес Қазақстан футбол федерациясы атқарушы комитетімен келісілгеннен кейін ресми түрде рәсімделеді. Қазақстан футбол федерациясы атқарушы комитетінің отырысынан кейін бапкермен келісімшартқа қол қойылады», – делінген ресми хабарламада.

Федерация мәліметінше, Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бас бапкердің көмекшісі атанса, Юрий Новиков қақпашылар бапкері, Вадим Боровский дене даярлығы жөніндегі бапкері, ал Тимур Құсайынов сарапшы бапкер болады.

Футболшы ретінде Джон ван ’т Шкип Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасында ойнады. Ұлттық құрамамен бірге 1988 жылғы Еуропа чемпионы атанды.

Ол бапкерлік жолын «Аякстың» жүйесінде бастап, кейін команданың бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралиядағы «Мельбурн Сити» командаларының тізгінін ұстады. 2016 жылы «Мельбурн Сити» клубымен бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.

Халықаралық деңгейде Джон ван ’т Шкип Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметін Талғат Байсуфинов атқарған болатын. Ол маусымда қызметінен кетті. Қазақстан футбол федерациясы Талғат Байсуфиновтың отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын ресми растады.

Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасын үш рет басқарды. Оның жетекшілігімен Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде үш матч өткізіп, бірде-бір рет жеңілген жоқ: Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңді, ал Солтүстік Македония (1:1) және Бельгия (1:1) құрамаларымен тең түсті.

Одан кейін Қазақстан құрамасы FIFA Series жолдастық турнирінде жеңіске жетіп, тағы екі жолдастық матч өткізді: Армения құрамасымен 1:1 есебімен тең түсіп, Венгриядан 1:3 есебімен жеңілді.