«Футбол қақпасы құлап кеткен»: Астанада 9 жастағы бала жансақтау бөліміне түсті

Оқиға 10 тамыз күні кешке Қазақстан футбол федерациясы орналасқан ғимаратта болған.

kff.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Аслан Қаженов хабарлады.

«Қазір маған Астанадағы Футбол үйінде, яғни Қазақстан футбол федерациясы орналасқан ғимаратта баланың басына қақпа құлап, жансақтау бөліміне түсті деген ақпарат келіп жатыр. Мендегі бар мәлімет бойынша, оқиға кеше сағат 19:30 шамасында болған және 2017 жылғы өрен зардап шеккен. Зардап шеккенде, қазір бәрі баланың ең болмаса тірі қалуын тілеп отыр», – деп жазды журналист Instagram-дағы парақшасында.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі NEGE-ге баланың жансақтау бөлімінде жатқанын растады. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Сондай-ақ ведомство өкілдері балаға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Қазақстан футбол федерациясы мән-жайды түсіндіріп, қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жаттығу өткізу үшін жеке футбол мектебіне жалға берген. Қазір ҚФФ оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр», – деп хабарлады федерация өкілдері.

Бұдан бөлек ҚФФ өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін уәкілетті органдарға қажетті ақпаратты беріп, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.