ФСБ Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялады
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа террористік қызметке жәрдемдесті деген айып тағылғанын мәлімдеді. Оған халықаралық іздеу жарияланды.
Астана, NEGE. ФСБ мәліметінше, Дуровқа қатысты іс Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.
Арнайы қызмет Telegram әкімшілігі Ресей аумағындағы террактілер мен диверсияларды дайындауға және үйлестіруге пайдаланылған арналар мен боттарды жоймағанын мәлімдеді.
ФСБ болжамы бойынша, мессенджердегі арналар, чаттар мен боттарды Украина арнайы қызметтері, террористік және экстремистік ұйымдар диверсиялық-террористік әрекеттерді, жаппай кісі өлтіруді және кибералаяқтықты ұйымдастыру үшін пайдаланған.
Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда, ресейлік басылымдар Дуровтың террористік қызметке жәрдемдесу туралы қылмыстық істің фигуранты болғанын хабарлаған. Сол кезде Telegram негізін қалаушы Ресей билігінің айыптауларын мессенджерді бұғаттау әрекеті деп атаған.