Францияның ұлттық кітапханасынан қазақтар туралы көне қолжазбалар табылды
Францияның ұлттық кітапханасынан қазақ тарихы үшін үлкен ғылыми қызығушылықа ие көне қолжазбалар табылды. Онда тарихи шежірелер, құжаттар, соның ішінде сенім грамоталары, қазақ хандарының ресми хат-хабарлары бар, деп хабарлады 24 kz.
Алматы, NEGE. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстанушы ғалымы Ғалия Қамбарбекова Қазақстан елшілігінде өткен кездесуде араб, түрік, парсы және шағатай тілдеріндегі қолжазбалардан қазақ халқының тарихына қатысты мәлімет тапқанын мәлімдеді.
Францияда әлемдегі ең бай коллекцияға ие кітапхана бар. Оған алдын ала сұрау жолдап, арнайы рұқсатпен кіреді. Бірақ көне қолжазба мәтіндерін оқу мен аударуда қиындықтар бар. Мұндағы көптеген қолжазбалар біздің ғалымдар тарапынан бұрын зерттелмеген. Ғылыми жоба аясында ҚазҰУ-дың филолог-маманы қолжазбалардан Тәуке ханның, Тәуекел ханның өмірі, Түркістан тарихы туралы мәліметтерді тапты.