Францияда күй күмбірледі
Қазақтың күйі Франция төрінде әуеледі. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен «Ұлытау» тобы Парижде концерт ұйымдастырды.
Алматы, NEGE. Қазақстандық өнер өкілдерінің думанды кеші аншлагпен өтті. Билеттер уақытысынан бұрын сатылып кеткен. Бұл жаңалықпен «Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болманов инстаграм желісінде бөлісті. «Қазақтың ұлттық мәдениетіне не деген риясыз қошемет! Мың алғыс, Франциядағы құрметті Қазақстан Елшілігі, мың алғыс Франция Халқына», - деп әдемі кештен бейнежазба жариялады.
Айта кетейік, Болмановтың жетекшілігімен құрылған «Ұлытау» бүгінде бірнеше жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. 2001 жылы Голливудта өткен Бүкіл әлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алды. 2005 жылы Шешенстан және Ингушетия Республикасының Еңбек сіңірген халық әртістері атағын иеленген болатын. Топқа алғашқы гран-приді сыйлаған, бағын жаққан Құрманғазының «Адай» күйі. Ұлытау этно-рок тобы скрипка, электр гитара және домбыраның әсем үнін әуелетіп, қазақтың өнерін, күйін, дәстүрін насихат келеді. Қазақ халқының мәдениетін, шығармаларын, күйлерін әлемге таныту, өскелең жас ұрпаққа домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу - өнер ұжымының басты мақсаты.